Жолдау – Қазақстанның цифрлық болашағына батыл қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл жолғы Жолдау — жай ғана жоспар емес, елдің жаңа дәуірге өтуінің айқын көрінісі.
Бес басымды бағдардан тұратын Жолдаудағы өз қызметімізге жақын білім беру жүйесі туралы тоқталғым келеді.
Қай заманда да білім беру жүйесі ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарғаны ақиқат. Президент өз Жолдауында: «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» дей келіп, орта білімнің сапасына ерекше көңіл бөлді. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны және алдағы уақытта 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалып, осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесінің толық шешілетінін атап өтті. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Бүгінгі таңда білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі - бірыңғай мектеп формасы. Бұл мәселе де назардан тыс қалмаған екен.
Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалғаны және бұл бағытта әлі де біршама өзгеріс жасау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін айтты. Бүгінгі таңда жасанды интеллект әсіресе, білім беру саласына көптеген өзгеріс әкеліп жатқаны баршамызға аян.
Жолдауда экономика әртараптандырылып, тұрақты әрі қуатты экономикаға жол салғанымыз, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік басты назарда болатыны да айтылды.
Президент сот реформаларын жалғастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және халықтың құқықтарын қорғау мәселелерін нақты көтерді.
Бұл Жолдаудан мен үміт пен сенім сезіндім. Елдің болашағы — білім мен технологияда. Жасанды интеллект министрлігі — жай ғана құрылым емес, бұл — болашаққа деген көзқарас. Әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігіне басымдық берілуі — халықтың мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Енді бұл бастамалар нақты іске асқанда ғана өз нәтижесін береді. Біз, қоғам ретінде осы жолда бірге болуымыз керек.
Қаламқас Қалиқызы
Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры
