Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Жаңа инвестициялық дәуір басталды

Otpan News
|
09.09.2025 15:36
Жаңа инвестициялық дәуір басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдау жасады. Президент еліміздің басты басымдықтарының бірі – инвестиция тарту екенін атап өтті.


Жаңа өндірістер ашу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін инвестицияның рөлі айрықша. Бұл істе арнайы экономикалық аймақтардың орны ерекше.


Мемлекет басшысы инвестиция тарту ісіндегі барлық үйлестіру жұмысын тікелей Үкімет басшысына жүктеді. Бұл – жаңа инвестициялық дәуірдің басталғанын көрсетеді. Енді инвесторлардың құқықтарын қорғау, салықтық жеңілдіктер қарастыру, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру – негізгі міндеттердің бірі болмақ.


Осы бағытта «Ақтау теңіз порты» АЭА-да да бірқатар маңызды жұмыс атқарылып келеді.


Соңғы уақытта арнайы экономикалық аймақтың аумағы екі жарым есеге ұлғайды. Оның құрамына Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау қаласының жағалау бөлігі, Жаңаөзеннің өндірістік аймағы және Саржа теңіз терминалы кірді. Мұнайлы ауданынан инвестициялық жобаларды іске қосу үшін арнайы жерді, Каспий ЕРСАЙ кеме жасау зауытын, Кендірлі курорттық аймағын «Ақтау теңіз порты» АЭА территориясына кіргізу жұмыстары басталып кетті. Осы аумақтар қосылған жағдайда АЭА көлемі шамамен 27 мың гектарға жетеді.


«Ақтау теңіз порты» АЭА тағы бір жасалған маңызды қадам - басым қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, бұрынғы 24 бағыттың орнына 45 жаңа бағыт бекітілді. Олардың қатарында: құрылыс, абаттандыру, туризм, санаторлы-курорттық қызметтері, тоқыма бұйымдары өндірісі, су өңдеу, кеме және әуе кемелерін жөндеу, көлік және басқа да өндіріс түрлері бар.


«Ақтау теңіз порты» АЭА қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылды. Аймақ 2002 жылы Президент Жарлығымен құрылған болатын. 2024 жылы облыс әкімдігінің бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен экономикалық аймақтың қызмет ету мерзімі 2052 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.


Мұның бәрі инвесторларға қолайлы жағдай жасап, өңірге жаңа инвестиция тарту үшін жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.


Президент Жолдауында жүк тасымалы мен контейнерлік бағыттың маңызына ерекше тоқталды. Бұл «Ақтау теңіз порты» АЭА-да даму бағытымен үндесіп отыр.


Бүгінде экономикалық аймақ аумағында еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін ірі жоба – заманауи контейнерлік хаб құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазақстан–Қытай бірлескен компаниясы жүзеге асырып жатқан жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылдың басында іске қосылады деп жоспарланған.


Жаңа хаб іске қосылған соң Ақтау портының жылдық контейнер өңдеу қуаты үш есеге артады. Құрлықтарды және мемлекеттерді байланыстыратын бұл стратегиялық нысан Каспий маңы елдері мен Орталық Азия мемлекеттері үшін тұрақты контейнерлік сервис қалыптастырып, еліміздің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге шығарады.


Жаңа инвестициялық дәуір – ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. «Ақтау теңіз порты» АЭА осы жаңа кезеңнің бел ортасында болып, өңірге жаңа жобалар әкелуді жалғастыра береді.


Мүбәрак Төлегенов

«Ақтау теңіз порты» АЭА басқарма төрағасы

99
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!