Каспий теңізін сақтау жөнінде мемлекетаралық бағдарлама әзірленеді

Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында берген тапсырмалары аясында су шаруашылығы саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды otpannews.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда:
▫️Су ресурстары министрлігі 2026 жылдың соңына дейін ұлттық су балансын қалыптастыруға және реттеуге мүмкіндік беретін су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру жұмысын аяқтауы керек.
▫️Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында заманауи технологиялар трансфертін жолға қою тапсырылды.
▫️Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралармен және суды есепке алу жүйелерін орнатумен шектелмей, судың «қара нарығын» жою жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды.
▫️Барлық мүдделі мемлекеттік орган халық арасында суды үнемдеу мәдениетін енгізу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.
▫️Су ресурстары министрлігі осы жылдың соңына дейін Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алып, оны тез арада іске асыруға кірісуі тиіс.
▫️ Экология министрлігі Каспий маңы елдерінің серіктес ғылыми ұйымдарымен бірлесіп, Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуі керек.
