Маңғыстауда ветеринариялық мекемелерге жол талғамайтын 53 көлік пен арнайы техника табысталды

Маңғыстауда ветеринариялық қызметтің жұмысын жетілдіру мақсатында жаңа 53 қызметтік автокөлік пен арнайы техникалар табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 млрд теңге бөлініп, қызметтік автокөліктерден бөлек мекемелерге 53 тоңазытқыш, 28 принтер, 41 компьютер, 51 планшет және басқа да қажетті құрылғылар сатып алынды.
Жаңа көліктер шалғай ауылдардағы ветеринариялық қызмет сапасын арттыруға, жедел әрекет етуге және эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізбек.
Мен 2012 жылдан бері Ақшымырау ауылында медицина меңгерушісі болып қызмет етіп келемін. Бізге соңғы рет 2013 жылы «Niva» автокөлігі берілген еді. Алайда содан бері көлік жаңартылмағандықтан, жұмыс барысында біраз кедергілер туындады. Бүгін бізге жол талғамайтын, батпақты әрі тастақ жерлерде де жүруге ыңғайлы жаңа «Niva» автокөлігі мен арнайы техникалар табысталды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Әріптестерімді осы жақсы жаңалықпен құттықтаймын. Облыс, аудан және медициналық станция басшыларына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта әріптестеріммен бірге ветеринария саласының дамуына өз үлесімізді қосып, түрлі аурулардың алдын алу бағытында нәтижелі жұмыс істейміз деген сенімдемін, - деді Ақшымырау ауылының медицина меңгерушісі Орал Шалабай.
Соңғы жылдары өңірде ветеринария саласын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. 2022-2025 жылдары ветеринар мамандардың жалақысы екі есеге артты. Ал келесі жылдан бастап еңбекақы тағы 150 пайызға көтерілмек.
Бұдан бөлек, биыл облыс бойынша жаңадан 43 ветеринариялық пункт пен 1 станция құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 2 станция толық жөндеуден өтпек. Жаңа нысандар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланды.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес саланы дамытуға жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ветеринария – мемлекеттің биологиялық қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі екенін атап өтті, саланы жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Тапсырмаға сәйкес ағымдағы жылдың 2 - тоқсанында Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы дербес басқарма ретінде құрылып, біршама жұмыс атқарылды. Енді сіздерге табысталып отырған жаңа автокөліктер жұмыс сапасын арттырып, ел игілігі үшін қызмет етуге зор мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
