Маңғыстауда дзюдодан облыстық және республикалық ашық турнир өтеді

Маңғыстау облысында 12-13 қыркүйек күндері дзюдодан 2010–2011 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы Жұбатқан Төрекенұлының жүлдесіне арналған «Еуразия кубогы» республикалық турнирі және 2014–2015 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнирі өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Сұңғат Жұбатқан мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, турнирдің негізгі мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың техникалық-тактикалық шеберлігін шыңдау, ерік-жігерін арттырып, табандылыққа тәрбиелеу.
«Бұл спорттық додаға еліміздің 10 облысы мен 2 қаласынан, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзірбайжан мемлекеттерінен 700-ге жуық спортшы қатысады. Бәсекеде 150-ге жуық маңғыстаулық спортшы бақ сынайды», - деді Сұңғат Жұбатқан.
Брифинг барысында Маңғыстау облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Азамат Ахмедов спортшылардың белдесудегі салмақ дәрежелері туралы айтты.
«2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында ұлдар 10 салмақ, қыздар 8 салмақ дәрежесінде белдеседі. Ал 2014–2015 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында ұлдар 7 салмақ, қыздар 4 салмақ дәрежесінде белдеседі», - деді Азамат Ахмедов.
Дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші Талғат Есекеновтың айтуынша, жарыс қатысушыларының дайындығы жоғары деңгейде.
«Спортшыларға күнделікті оқу-жаттығу жиындары өтіп, физикалық және психологиялық дайындыққа ерекше көңіл бөлінуде. Жарыс дәстүрлі түрде қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Келесі жылы үшінші рет өткізіліп, тұрақты түрде республикалық күнтізбелік жоспарға енгізілуі жоспарлануда. Бұл өз кезегінде үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алуға мүмкіндік береді», - деді Талғат Есекенов.
