Емханаға тіркелу науқаны басталды

Елімізде емханаға тіркелу науқаны басталды. Бұл шара екі айға, яғни қараша айына дейін жалғасады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Министрліктің талаптарына сәйкес, емхананы тек басқа ауданға көшкенде немесе жұмыс орнын ауыстырғанда ғана өзгертуге болады. Дегенмен науқан кезінде азаматтарға қалаған медициналық ұйымын таңдауға мүмкіндік беріледі.
Тіркелу үшін eGov порталындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдау қажет. Содан кейін өзіңізге ыңғайлы емхананы және учаскелік дәрігерді таңдауға болады. Бір терапевтке тіркелетін тұрғындар саны 1700-ден аспауы тиіс.
Өтінімге жауап үш жұмыс күні ішінде келеді. Егер емханада орын толып қалған жағдайда, өтініш қабылданбауы мүмкін. Сондықтан азаматтарға тіркелу нәтижесін eGov порталынан немесе 1414 нөміріне хабарласып міндетті түрде тексеріп алу ұсынылады.
Айта кетейік, қазіргі таңда ел бойынша 700-ге жуық медициналық мекеме тұрғындарға қызмет көрсетеді.
