Еңбегі ерен мұнайшы

Қазақстанның мұнай-газ саласы – ел экономикасының күретамыры. Осы салада 23 жыл еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен, табандылығымен танылған азаматтың бірі – Мақсат Құсайынов. Құбыр құрастырушы мамандығын таңдаған ол өзінің қажырлы еңбегімен ғана емес, адалдық пен жауапкершілік қасиеттерімен де әріптестерінің құрметіне бөленген жан, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мақсат Құсайынов 1971 жылы 25 мамырда Шетпе ауылында дүниеге келді. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Әскерден оралған соң еңбекке белсене араласты.
Жастайымыздан еңбек еттік. Ешқашан жұмыс таңдап, оңай жол іздеген емеспіз. Ең бастысы – адал еңбек ету, өз ісіңе жауапкершілікпен қарау. Қалғаны біртіндеп келеді, – дейді ол.
Мақсат мырза бірнеше салада тәжірибе жинап, алғашқы еңбек жолын 1990–1995 жылдары Шетпедегі коммуналдық шаруашылық мекемесінде бастады. Кейін 1995–2002 жылдары теміржол саласында еңбек етті. 2002 жылы құрылыс саласына бет бұрып, «Нефтестрой» ЖШС-да қарапайым жұмысшыдан бастап тас қалаушы, одан кейін кровельщик (жабыншы) мамандығын меңгерді. Бұл салада ол 14 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарды. Кәсібіне деген қызығушылық пен жаңа білімге ұмтылыс оны тағы бір қадам алға жетелеп, 2018 жылы құбыр құрастырушы мамандығын игерді. Содан бері осы салада табысты еңбек етіп келеді.
Мақсат Құсайынов үшін жұмыс істеу – тек күнкөріс көзі емес, бұл – өмірлік ұстаным.
Әр істі шын көңілмен, тиянақты атқару керек. Жұмыстың сапасы – адам абыройының айнасы. Менің күнделікті жұмысым таңертең шеберден тапсырма алып, жұмысты нақтылап, арнайы нұсқаулықтан өтумен басталады. Кешкісін орынды жинақтап, тазалыққа мән беремін. Бұл – мен үшін қалыпты еңбек мәдениеті, – дейді ол.
Бүгінде «АқтауНефтСервис» мекемесінде құбыр құрастырушы болып жұмыс істейтін ол өндірісте құбырларды жобалау, құрастыру, монтаждау, жөндеу жұмыстарына жауапты. Мұнай мен газ тасымалдайтын құбыр желісінің жұмысы мінсіз болуы үшін бар күшін салады. Мақсат мырза табысқа жетудің кілті – табандылық пен жауапкершілікте дейді.
Жұмыста құбырды жобаларға сәйкес құрастыру, кесу, дәнекерлеу, қысымын тексеру, ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарымен айналысамыз. Жұмысымызда жауапкершілік маңызды. Бұл салада техникалық білім де керек, - дейді ол.
Еңбегінің жемісін көріп келе жатқан маман бірнеше мәрте құрмет грамотасы мен алғыс хатпен марапатталды. Атап айтқанда, 2011 жылы «АқтауНефтСервис» ЖШС атынан Маңғыстау мұнайының 50 жылдық мерекесіне орай құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты «ОСС» ЖШС атынан тағы да құрмет грамотасына ие болды. Ал биыл Мұнайшылар күнінде алғаш рет арнайы төсбелгімен марапатталуы – оның кәсіби шеберлігінің және еңбектегі үлесінің жоғары бағалануының айқын дәлелі.
Мұнай-газ секторы үшін аса маңызды, тасымал жүйесінің сапасы мен қауіпсіздігі құбыр құрастырушыға тікелей байланысты екенін ескерсек, Мақсат Құсайыновтың жұмысы ауыр әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі, ал ұстанымдары – кәсіби табыстың кепілі.
