Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Биыл Маңғыстауда 5 базар қайта жаңғырады

Жанкелді Қаржан
|
04.09.2025 17:08
Биыл Маңғыстауда 5 базар қайта жаңғырады
otpannews.kz

Маңғыстауда «Жол картасы” бойынша 5 базарда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін елімізде барлығы 100 базарды модернизациядан өткізу көзделген.


Осы орайда сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаевтың қатысуымен Ақтаудағы «Әсем-Берекет», «Мағаш», «Сити-Центр», «РИД-СК», «РусКаз» базарларындағы жұмыстармен танысу рәсімі өтті.  



«Маңғыстаудағы базарларды жаңғырту жұмысының қарқынын көріп отырмын. Соңғы 2 базар жұмысты шұғыл жеделдетуі керек. Ол үшін жергілікті әкімдік қажетті құжаттарды ертерек келісуі қажет. Базарларды жаңғырту – ол бизнестің жауапкершілігі. 2026 жылдан бастап базарлар жабық ғимаратта, желдеткіш жүйесіне қосылған, өрт қауіпсіздігі және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы керек. Көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін әр сауда орны қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құрылғыларымен қамтылуы тиіс», - деді Ернұр Жәутікбаев.


Ақтаудағы «Әсем-Берекет» базарында жаңғырту жұмыстары енді басталады. Қазіргі уақытта мұнда жоспарды бекіту шаралары талқылануда. Ал құрылыс осы айда басталып, келер жылдың алғашқы тоқсанында толық аяқталмақ. «Әсем-Берекет» базарының директоры Шолпан Қартбаева базардағы контейнерлер толық алынып, орнына заманауи ғимарат салынатынын жеткізді.

 

«20 жылдан бері базардың қалыптасуына еңбегіміз сіңді. Мұндағы кәсіпкерлер көтерме саудамен айналысады. Маңғыстау өңірі бойынша базарға келетін тұтынушылар саны көп. Тауарларға сұраныс жоғары. Біз қайта жаңғырту жұмыстарына кірісіп жатырмыз. Қазір жобамыз сараптамаға жіберіліп, қыркүйек айының ортасында құрылыс басталады. Базардың артқы жағында 1 гектар жер бар. Сол аумаққа кәсіпкерлердің сұранысы бойынша 2300 шаршы метр көлемде сауда үйі салынады. Қазір бізге келіп тіркеуге тұрып, сауда орнын сұрап жатқандар көп. Жаңа ғимаратта жарық, жылу, кондиционер секілді қажеттіліктер толық қамтылады. Жобамен құрылыс жұмыстары 2026 жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланған. Жалға алу бағасын қарастыратын боламыз. Ақтау қаласы бойынша ең төменгі жалға алу құны біздің базарда тіркелген. Бұл тұрғыда да біз бағаны көтеруді көздемейміз. Жалға алушы кәсіпкерлерге тиімді бағада болады», - деді «Әсем-Берекет» базарының директоры Шолпан Қартбаева.


Ал 27 шағынауданда орналасқан әмбебап «Сити-Центр» базарында модернизациялау жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Басқарушы директоры Қайрат Теңелұлы қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатқанын атады. Енді жаңа нысан қыркүйек айының соңына дейін қолданысқа берілмек.


«Біздің нысанның құрылысы 90 пайызға аяқталып отыр. Кәсіпкерлерге қолданысқа беруге дайынбыз. Ішкі бөлігінде аздаған ретке келтіру жұмыстары екі аптаға жуық уақыт ішінде аяқталады. Біздің жаңа нысан 100 кәсіпкерге арналып салынды. Ары қарай А блогын аяқтаған соң жалғастыратын өзге де жұмыстар бар. Жылыту, кондиционер барлығы үшін ортақ. Іште асхана, қол жуатын орын да қамтылды. 9 айдан астам уақыт ішінде құрылысты толық аяқтап отырмыз», - деді «Сити-Центр» базарының басқарушы директоры Қайрат Теңелұлы.


23 шағын ауданда орналасқан «Мағаш» базары да қайта жаңғыртудан соң ашылуға әзір. Ал «РИД-СК» және «РусКаз» базарларының Жол картасында бекітілген мерзімнен кеш қалу қаупі бары белгілі болды. «РусКаз» базарының жаңғырту жұмысы бойынша эскиздік жоба бекітіліп, сәулет-жобалау құжаты мен жобалық-сметалық құжаттама жергілікті атқарушы органмен келісу сатысында тұр. 28а шағын ауданындағы «РИД-СК» базары аумағындағы инженерлік желілерді ауыстыру үшін жергілікті әкімдікпен тиісті жұмыстар жүріп жатыр.   


Сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев қазіргі уақытта базарларды жаңғырту бойынша жұмыстардың қалай жалғасып жатқаны туралы айтты.


«Маңғыстау облысына келген мақсатымыз – сауда базарларын жаңғырту жұмысымен танысу. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қай деңгейде жалғасып жатыр, кәсіпкерлерге қандай қиындықтар туындап отыр деген мәселені анықтау. Еліміз бойынша Жол картасымен 100 сауда базарын қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл ретте Маңғыстау облысында 2025 жылы 5 базар жаңғырту жұмыстарын жүргізуі тиіс. Халыққа жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын жеткізу. Сауда орындарындағы жұмыс істейтін кәсіпкерлерге осы жағдай туралы айтып, келісімін алу. Бұрын сауда контейнерінде қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында киім өлшеу секілді жайттарды бәріміз бастан өткердік. Бүгінде заң талабы бойынша 100 мың тұрғыны бар қалаларда сауда базарлары модернизациядан өтуі керек», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Ал жаңғырту жұмыстарына бей-жай қараған сауда орындарының иесіне заң бойынша шара қолданылмақ.


«Заңға сәйкес 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін сауда базарлары тиісті талаптарды орындамаса оларға әкімшілік кодекс бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жауапкершілікке тарту, егер ары қарай тиісті іс-шараларды орындамайтын болса заң бойынша сотқа шағымданып, сауда орындарының иелерімен жұмысты қатаңдатып, жұмысын өзгерту бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады. Қазір еліміздің барлық өңірлерін аралап жүрміз. Сауда базарларын жаңғырту бойынша басқа өңірлерде 70, 80, 90 пайызға дейін аяқтап үлгергендері бар. Кәсіпкерлер өздерінің қаражатын ыңғайлап, жұмыстарын жүргізуде. Заңға сәйкес талаптарды орындауға құқық алып, жұмыстарды қолға алып жатыр. Сонымен қоса, сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау жобасы бар. Биыл 5,2 млрд теңге субсидия қарастырылып, оның 3 млрд теңгесі екі ай ішінде иегерілді. 418 сауда нысаны бағдарлама бойынша қаражат алып, 3 млрд мемлекет есебімен, 57,5 млрд теңге инвестициялық ақша есебімен тартылды», - деді Ернұр Жәутікбаев.


Ұлттық даму жоспарына сәйкес 2029 жылға қарай елдегі заманауи сауда форматының үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Қазір бұл көрсеткіш 41 пайызды құрайды.  

 

Былтырдан бері сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Биыл Маңғыстауда кәсіпкерлер сауда қызметін дамыту үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат алған. Оның 98 млн теңгесі инвестициялық жобаға тартылған көрінеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау аясында министрлік несиенің пайыздық үстемесінің 10,75 пайызын субсидиялайды.


Жалпы, Маңғыстау облысында 43 базар бар. Оның 24-і әмбебап, екеуі көтерме, қалған 19 мамандандырылған базар. 43 базарда 6 828 сауда орны бар. Өңірде жалпы 3 495 сауда нысаны, 1 752 үй жанындағы шағын дүкен, 9 ірі сауда желісі жұмыс істеп тұр. 

117
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!