Маңғыстауда асыл тұқымды құс өсіруге арналған жаңа кешен салынып жатыр
Гүлмира Аманжолқызы
|
04.09.2025 15:51

Маңғыстауда құс шаруашылығы саласында жаңа жоба жүзеге асып жатыр. «Ақтау Агро» ЖШС асыл тұқымды құс өсіруге арналған репродуктор (кешен) құрылысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл жоба ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.
Ата-аналық үйірді ұстауға арналған нысанның қуаттылығы жылына 7,5–8 миллион инкубациялық жұмыртқаны құрайды. Оның шамамен жартысы кешеннің өз қажеттіліктеріне жұмсалса, қалған бөлігі елдегі басқа құс фабрикаларына жеткізіледі. Бұл бастама экономикалық тұрғыдан тиімділікті арттырумен қатар, әлеуметтік маңызға да ие. Жоба аясында шамамен 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Ең бастысы – өңірдің импортқа тәуелділігі азайып, азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді, - деді Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілдері.
Кәсіпорын жыл сайын 5 мың тоннадан астам бройлер етін өндіреді. Серіктестік 2021 жылдан бері өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Құс фабрикасының құрылысы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен және құрылтайшылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда фабрика инкубаторды, құс өсіру алаңдарын, құс сою цехын және құрама жем зауытын қамтитын заман талабына сай кешенге айналды.
122

Комментарии
Комментарии
Нет комментариев