Маңғыстау жастары жасанды интеллект бағытындағы мамандықтарды тегін меңгере алады

Биыл Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен «Маңғыстау жастары» мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Жоба өңір жастарына жаңа мүмкіндіктер беруді көздейді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қосымшаның басты артықшылығы - жастар заманауи мамандықтарды тегін оқи алады. Бағдарлама бірнеше модульден тұрады. Оның ішіне: ЖИ (жасанды интеллект), UI/UX-дизайнер, дата-аналитика (data analytics), ЖИ графикалық дизайнер, ЖИ фото-видео монтаж, цифрлы маркетолог «digital marketer», startup бастау, «No – code» инженер, ЖИ business, жас мұғалімдерге арналған ЖИ құралдар кіреді.
Әрбір жас 10 бағыттың ішінен қалағанын таңдап, тестілеуден сәтті өткен жағдайда сол мамандықты игергенін растайтын сертификатқа ие болады. Ұсынылатын мамандықтардың көпшілігі цифрлық бағыттағы кәсіптер, яғни 5 мамандық жасанды интеллект құралдарын қолдануға негізделген. Бұл бастама жастардың IT саласындағы құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, мобильді қосымшада оқытудан бөлек, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары, Маңғыстауда өтетін қоғамдық, мәдени және спорттық іс-шаралар, аймақтағы жастарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпарат қамтылады. Қосымша жыл соңына дейін іске қосылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жасанды интеллектті дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын.
