Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда үлгілі ауылдар анықталды

Гүлмира Аманжолқызы
|
10.09.2025 13:21
Маңғыстауда үлгілі ауылдар анықталды

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Байқауда ауылдық елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, инфрақұрылымдық жағдайы, тұрғындардың белсенділігі, мәдениет, спорт және білім салаларындағы жетістіктері бағаланды. Оған 5 ауданнан 39 ауыл қатысып, ақтық кезеңде 10 ауыл бақ сынады.


Ауылдар арасындағы бәсекенің қорытындысы бойынша 7 елдімекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа ие болды. Атап айтқанда, 3 мыңнан астам халқы бар ауылдар арасында:

• І орын – Бейнеу ауданының Бейнеу ауылы (10 млн теңге);

• ІІ орын – Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылы (7,5 млн теңге);

• ІІІ орын – Қарақия ауданының Құрық ауылы (5 млн теңге);

• Ынталандыру сыйлығы – Маңғыстау ауданының Шетпе ауылы (2 млн теңге).


Ал 3 мыңнан аз тұрғыны бар ауылдар арасында:

• І орын – Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылы (8 млн теңге);

• ІІ орын – Қарақия ауданының Құланды ауылы (6 млн теңге);

• ІІІ орын – Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылы (4 млн теңге).


3 мыңға дейін тұрғыны бар елді мекендер арасында бірінші орын алған Сайөтес ауылының бүгінгі жетістігі туралы ауыл әкімі Сабыржан Абдиев өз пікірін білдірді.


Бүгінгі жетістігіміз – ауыл халқының толықтай әлеуметтік жағдайының қамтамасыз етілуінде деп білемін. Ауыл толықтай сумен, газбен, көше жарықтандыруымен және интернетпен қамтамасыз етілген. Тазалық мәселесі де басты назарда. Бүгін комиссия шешімімен 3000-ға дейінгі халқы бар ауылдардың ішінде бірінші орынды иелендік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі ауыл тарихындағы айтулы жетістік. Әкім ретінде бұл мен үшін де, ауыл тұрғындары үшін де үлкен мақсаттың орындалуы деп білемін, - деді Сабыржан Абдиев. 


Айта кетейік, биыл бас жүлде иеленген Бейнеу ауылының халқы 57 мыңнан асады. Елдімекенде 12 мектеп, 19 балабақша, аурухана, мәдениет үйі және 685 кәсіпкерлік нысан бар. Ауыл толықтай электр энергиясымен, ауыз сумен және табиғи газбен қамтылған.


Сонымен қатар жеңімпаз ауылдарға берілген қаржы абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады.

82
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!