Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы басталды

Otpan News
|
05.09.2025 12:40
Маңғыстауда Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы басталды

Бүгін Құрық портында Каспий теңізінде теңіз аквашаруашылығын дамытуға арналған алғашқы тор қоршамаларды суға түсіру рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық саналатын жоба облыс әкімдігінің бастамасымен «Organic Fish» ЖШС қолдауымен жүзеге асты. Бұл Қазақстан теңіз аквашаруашылығын дамытудың іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанын көрсетіп отыр.


Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов, «Organic Fish» ЖШС бас директоры Ержан Аманқосұлы, сондай-ақ құрылтайшылар Анна Мәдиқызы, Нұржан Жақыпұлы және Нұрдәулет Шілдебайұлы мен сала ардагері Жайлыбай Сүлейменов қатысты.



Үш үлкен тор қоршама мен арнайы якорь жүйесінен тұратын жабдық Норвегияда жасалып, Каспий теңізінің табиғи жағдайына бейімделген. Құрық портына жеткізілген тор қоршамалар шетелдік және отандық мамандардың күшімен құрастырылған. Аталған тоғандар порттан 20 шақырым оңтүстіктегі теңіз аумағына орнатылды. Бұл ретте экологиялық жағынан теңізге еш зияны тимейтіні айтылды. 


«Бүгін біз Маңғыстау облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи мәні бар маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елімізде алғаш рет теңіз тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы іске қосылып, Каспий теңізіне алғашқы тор қоршамалар түсірілуде. Бұл жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, аквашаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асып отыр. Бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды заманауи балық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік береді. Бұл - Қазақстан аквашаруашылығының жаңа кезеңі басталғанының айқын белгісі. Бұл жоба Қазақстандағы теңіз аквашаруашылығының дамуына жол ашып қана қоймай, аймақтық экономикалық өсімге, экспорттық әлеуеттің артуына және экологиялық тұрақтылықтың сақталуына зор үлес қосады», - деді. Нұрдәулет Қилыбай.



Құрық ауылында тұратын балық шаруашылығы саласының ардагері Жайлыхан Сүлейменов өткен ғасырдың орта шенінде Құрықтағы балық зауытының болғанын тілге тиек етіп, аймақтағы ірі балық шаруашылығы туралы естелігін бөлісті. Сонымен бірге, ақсақал жаңа жобаның ашылғаны аудан үшін жағымды жаңалық болғанын жеткізді.


«Балық шаруашылығын көркейтетін тың хабарды естіп, қатты қуандым. Өзім осы теңіздің жағасында, анығында Құрық ауылында туып-өстім. Бұл жерде өмірге келген адамдар көп қой. Алайда жасым 80-нен асқан менің қатарластарым секілді өткен шақты білетін адамдар азайды. Әке-шешем, атам Ералиев балық зауытында жұмыс істеген. Бірақ бұл өндіріс орны 1950 жылдары жабылып қалды. Оның себебі белгісіз. Себебі, ол кезде халықпен ешкім ақылдаспайтын. Содан бұл жердегі тұрғындар жан-жаққа көшіп кетті. Балық шаруашылығында жұмыс істеген әке-шешем сол саладан зейнетке шықты. Мен сол уақыттары шаруашылықтың шет жағасын көрген адаммын. Мұнда 1902 жылы салынған арнайы мұздатқыш болған. Қысы-жазы мұздай болып тұратын, жердің астында арнайы үлкен бөшкелері бар еді. Балықтың аулап, тазалап, тұздаған соң мұздатқышқа салатын. Кейін оны бөшкеге толтырып, кеме арқылы Астрахан мен Мақашқалаға жіберетін еді. Бала күнімде шешеме еріп, мұздатқыштың ішіне кіргенім есімде. Сонда 5 минуттың ішінде бойың мұздап шыға келетін. Енді бүгін қолға алынған жоба өз нәтижесін беріп, оңынан болсын деп игі тілегімді айтамын», - деді Жайлыхан Сүлейменов.


Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Каспийге орнатылған тоған шаруашылығына жоғары баға берді. Оның сөзінше, еліміз бойынша теңізде ашылған жоба арнайы шарбақтарда өсірілетін алғашқы балық өндірісі болғалы отыр.


«Мұндай жобаны іске асыруға бел буған бастамашыларға алғыс айтамын. Барлығымыз жаңашырлықпен жұмыс істесек, талай жобалар іске асады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында балық шаруашылығы саласына ерекше назар аудару керегін атап өткен болатын. Соның аясында Үкімет тарапынан балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған еді. Ол әр өңірде тиісті бағдарламаларды іске асыру арқылы басталды. Қазір елімізде 800-ден астам аквашаруашылықпен айналысатындар тіркелген. Тоған шаруашылығы бойынша өзен-көлдерде шарбақты шаруашылықтар көп емес. 2021 жылдан бері мұндай 44 жоба іске асып, олардың атсалысуымен 3,5 мың тонна форель, тұқы секілді балық өсірілді. Олар ШҚО, Алматы, Түркістан облыстарында жүзеге асқан-ды. Шарбақты шаруашылық елімізде теңізде алғаш рет жүзеге асып отыр. Сондықтан мұны тарихи жоба деуге болады», - деді балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов.



Келесі кезеңде тор қоршамаларды балықпен толтыру жоспарланған. Бұл – Қазақстан мен Каспий теңізі тарихындағы ең үлкен тор қоршамалар: әрқайсысының айналымы 120 метр, тереңдігі 25 метр. Алғашқы екі жылда өндіріс көлемі 300-ден 1600 тоннаға дейін жетіп, кейін жылына 5000 тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.


Жоба табиғи таза ортада теңіз форелі тұқымдас балық өсіруге бағытталған. Балықтар экологиялық таза жеммен қоректеніп, теңіздің табиғи жағдайында өсірілмек. Бұл олардың пайдалы қасиеттерін толық сақтауға мүмкіндік береді.


Теңіз аквашаруашылығы жобасы Норвегия аквакультура институтының көпжылдық ғылыми зерттеулеріне негізделіп әзірленген екен. Зерттеу кезінде теңіз суының гидрологиялық, гидрофизикалық және гидрохимиялық сипаттамалары, сондай-ақ учаскенің батиметриясы жан-жақты зерттелгені туралы мағлұмат берілді.


Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл бастама Маңғыстаудың агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, халқымыздың игілігіне қызмет ететінін атап өтті.

72
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!