Маңғыстауда жүрегіне ашық ота жасалған жүкті әйел сәтті босанды

Маңғыстауда мамыр айында алғаш рет жүкті әйелдің жүрегіне күрделі ашық операция жасалып, оны аман алып қалған болатын. 8 қыркүйек күні сол науқас 36 апта 1 күн мерзімде кесарь тілігі арқылы қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлады otpannews.kz облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Гинеколог-хирург Юлия Досаханова басқарған босандыру отасы шамамен 30 минутқа созылып, сәтті өтті. Отаға ассистент Алима Тапишова мен анестезиолог Серік Төкебаев қатысты. 1997 жылғы науқас салмағы 2 келі 640 грамм, бойы 50 см қыз босанды. Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы жақсы.
Айта кетейік, жүкті келіншек мамыр айында Жаңаөзеннен санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға жеткізілген болатын. Дәрігерлер оған митралды қақпақшаның жедел инфекциялық эндокардиті, митралды қақпақша жеткіліксіздігінің III-IV сатысы және өкпе гипертензиясы диагнозын қойған. Сол кезде кардиохирургтар Агзам Алдешев пен Ербол Кудабаев бастаған команда митралды қақпақшаны ауыстыру бойынша ашық ота жасап, ананың да, баланың да өмірін сақтап қалды.
Бүгінде ол өзін жақсы сезінетінін айтып, дәрігерлерге ризашылығын білдірді:
Мамыр айындағы алғашқы ота да, кешегі босандыру отасы да сәтті өтті. Өмірімді ақ халатты абзал жандарға сеніп тапсырмағанда, мұндай бақытты сезінбес едім. Дәрігерлердің біліктілігі мен мейірімділігінің, қолдауының арқасында қызымды аман-есен бауырыма басып отырмын. Аурухана дәрігерлері денсаулығымды әрдайым жіті бақылауда ұстады, қолдау көрсетіп, кеңесін айтты. Осы ретте аурухана басшылығына, дәрігерлер мен медбикелерге, соның ішінде кардиолог Алия Ахмадуллаевнаға және гинеколог Юлия Асенбаевнаға алғысым шексіз. Елдің алғысына бөленіп, жетістікке жете беріңіздер, – деді ол.
Еске салайық, мұндай жоспарлы және шұғыл операциялар МӘМС аясында тегін жасалады.
