Жаңаөзенде заңсыз көші-қон ұйымдастырғандар ұсталды
19 қаңтарда криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген тергеу-жедел іс-шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме беріп.
Ұсталғандардың таяу шет елдердің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Өз қызметтері үшін олар ақшалай сыйақы алып отырған.
Тінту кезінде күдіктілерден 500-ден астам нотариалдық сенімхат, шетелдік төлқұжаттар, жалған құжаттар, байланыс құралдары тәркіленді.
Ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық кодекстің Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасының кез келген бұзушылықтары жазасыз қалмайды, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары жалғасатынын жеткізді.