Otpan News Logo

Бекбол Орынбасаров: “Маңғыстаудың рухани алыптары ескерусіз қалмауы тиіс”

|
22.01.2026 15:10
Бекбол Орынбасаров: “Маңғыстаудың рухани алыптары ескерусіз қалмауы тиіс”

Сенаттың кезекті отырысында депутат Бекбол Орынбасаров Маңғыстау өңіріндегі ұлт руханиятының алыптары мен тарихи мұраларының тиісті деңгейде ұлықталмай жатқанын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Сенатордың пайымдауынша, ел экономикасына зор үлес қосып отырған өлкенің мәдени мұрасын ескерусіз қалдыру — тұтас мемлекеттік идеологияның олқы тұсы. Осыған байланысты депутат Маңғыстау жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдерінен түскен бірнеше өзекті өтінішті жариялады.


2026 жылы аты аңызға айналған халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылұлының туғанына 150 жыл толады. Ол — Иса-Досан көтерілісінің рухын жырлап, Абыл, Нұрым, Қашаған сияқты дүлділдердің ізін жалғаған дара тұлға.


«Өкінішке қарай, бұл мерейтой Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоспарына әлі енген жоқ. Ақын мұрасын зерттеу үшін Орал, Алматы, Атырау қалаларына және көршілес Ресей мен Өзбекстан архивтеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастыру қажет», — деді Бекбол Орынбасаров.


Депутат көтерген екінші мәселе — «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Мұрын жырау (Тілеген Сеңгірбекұлы) мен ол жеткізген «Қырымның қырық батыры» жырының мәртебесі.


“Қырғыз халқы “Манасты” Конституциямен қорғап, ЮНЕСКО тізіміне енгізді. Біз де Мұрын жырау мұрасын мемлекеттік деңгейде заңмен қорғап, халықаралық мінберде дәріптеуге тиіспіз. Бұл — бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани қазына”,- деп атап өтті Сенатор.


Депутат Сәттіғұл Жаңғабылұлының 150 жылдық мерейтойын 2026 жылғы жалпыреспубликалық шаралар тізіміне енгізу, “Қырымның қырық батыры” жырын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын жеделдету, Мұрын жырау мен Сәттіғұл ақынның еңбектерін, жырдың академиялық жинақтарын мемлекеттік тапсырыспен көп таралыммен басып шығару, цифрлық форматқа көшіріп, еліміздің барлық кітапханалары мен мектептеріне тарату секілді нақты талаптарын жолдады. 


Бекбол Орынбасаров ұлы тұлғалардың есімі тек тар шеңберде қалмай, отансүйгіштіктің үлгісі ретінде жалпыұлттық деңгейде насихатталуы керектігін айтты.

52
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!