Надежда Вадодария: Халық кеңесі қоғам сұранысына тиімді жауап береді
Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті дамытудың жаңа стратегиясын жариялады. Сөз барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің абыройлы тарихи миссиясын аяқтап келе жатқаны, сондай-ақ Құрылтайдың бұрынғы форматтағы жұмысы да тәмамдалатыны айтылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мемлекет басшысы уақыт талабына сай өзгерістердің қажет екенін нақты айтты. Қазіргі қоғамға қоғамдық өкілдік пен кері байланыстың неғұрлым тұтас, жедел әрі тиімді тетігі қажет. Осы тұрғыда енді Халық кеңесі құрылады. Надежда Вадодарияның пікірінше, жаңа мемлекеттік органның құрылуы жинақталған тәжірибеден бас тарту емес, керісінше, оны логикалық тұрғыдан дамыту және институционалдық тұрғыда нығайту болып отыр.
Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді: этномәдени бірлестіктерден 42 өкіл, қоғамдық кеңестердің 42 мүшесі және еліміздің барлық өңірлерінен мәслихаттардың 42 депутаты. Осылайша, Халық кеңесі Қазақстан қоғамы мен өңірлерінің мүдделерін бейнелейтін кең өкілді алаңға айналады.
30 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастарды дамытуда, бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісімді нығайтуда шешуші рөл атқарды. Қоғамдық және мемлекеттік маңызы зор мыңдаған іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл жерде Ассамблея қызметін тоқтату туралы сөз болып отырған жоқ. Керісінше, ол трансформацияланып, конституциялық деңгейде институционалдық тұрғыда күшейтіледі. Жаңартылған құрылым Халық кеңесі деп аталады. Мен бұл қадам елдегі қоғамдық диалогты дамытудың жаңа кезеңі болады, азаматтық институттардың рөлін арттырады және қоғамның өзекті сұраныстарына неғұрлым тиімді жауап беруге мүмкіндік береді деп сенемін, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Надежда Вадодария.