Ақтауда қоғамдық кеңес бюджет қаражатының игерілуін талқылады
Ақтау әкімдігінде қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуіне қатысты өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Атап айтқанда, күн тәртібінде Ақтау қаласы әкімінің 2019 жылғы 27 ақпандағы №1 «Ақтау қаласында сайлау учаскелерін құру туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі, 2025 жылы жүргізілген мониторингтердің қорытындысы, автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуы, сондай-ақ Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылындағы көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына қарастырылған қаржының игерілуі болды.
Бұл мәселелер жан-жақты талқыланып, әрбір бағыт бойынша жауапты мемлекеттік органдардың ақпараты, ұсынысы мен пікірі тыңдалды. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, олардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, қабылданған шешімдердің іске асырылуы жүйелі түрде бақылауда болатыны айтылды.