Otpan News Logo

Маңғыстауда онкологиялық көмектің сапасына кешенді мониторинг жүргізіліп жатыр

Маңғыстауда онкологиялық көмектің сапасына кешенді мониторинг жүргізіліп жатыр

Маңғыстау облысында онкологиялық диспансерде 6 мыңнан астам науқас бақылауда тұр. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 366 адамға артқан. Өңірде онкологиялық көмектің сапасы мен тиімділігін бағалау мақсатында Қазақстандық ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының жұмыс тобы келді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Бір апта бойы мамандар Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданындағы медициналық ұйымдарда кешенді мониторинг жүргізді. Сарапшылар емханалар мен стационарлардың жұмысын зерделеп, медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізді, медициналық құжаттаманы және бекітілген емдеу стандарттарының сақталуын талдады. Әсіресе, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, скринингтік бағдарламалардың іске асырылуы, заманауи диагностика және емдеу әдістерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.

 

Сонымен қатар, 50-ге жуық медицина қызметкері скрининг мәселелері бойынша қосымша оқытудан өтті. Мониторинг нәтижесі бойынша медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және өңірдегі онкологиялық қызметті одан әрі дамыту үшін нақты ұсыныстар мен шаралар әзірленбек.


Ауруханалар мен емханалардың жағдайы жалпы алғанда қанағаттанарлық, жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз өз ұсынымдарымызды беріп, медициналық ұйымдар басшыларымен мәселелерді талқыладық. Ескертулерді жою үшін бір тоқсан уақыт берілді. Осы мерзім аяқталған соң қайта келіп, нәтижесін бағалаймыз. Ең бастысы – пациенттер отандық онкологиялық орталықтарда сапалы ем алуы тиіс, - деді Қазақстандық ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының бөлім меңгерушісі Роман Нәлібаев.


Айта кетейік, 24 қаңтар, сенбі күні Қазақстандық ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының өкілдері Маңғыстау облысының онколог дәрігерлерімен бірлесіп, тұрғындарды қабылдайды.

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!