Otpan News Logo

“Дроппер” болу – табыс емес, қылмыс: Маңғыстаулық студенттерге киберқорғаныс жайлы айтылды

|
22.01.2026 12:00
“Дроппер” болу – табыс емес, қылмыс: Маңғыстаулық студенттерге киберқорғаныс жайлы айтылды

Бүгін Ақтауда Маңғыстау облысы Цифрлық технологиялар басқармасының ұйымдастыруымен “Кибершабуыл: заң және қорғаныс” тақырыбы аясында кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Облыстық педагогикалық колледж студенттерімен өткен жиында бүгінгі күннің өзекті мәселелері — интернет алаяқтықтың алдын алу, жеке деректерді қорғау және цифрлық сауаттылық тақырыптары сөз болды.


Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Нұрбек Сүлейменовтың айтуынша, зардап шеккендер саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, 40 жастан асқан азаматтар интернеттегі «жеңіл сәлемдемелер» мен күмәнді сауда ұсыныстарына жиі алданады. Сондықтан жастар мен ата-аналарына ақпараттық қауіпсіздікті түсіндіруі аса маңызды.


Кездесуде ерекше тоқталған тақырып — «дропперлер» мәселесі. Прокурор жастарды жеңіл ақшаға алданбауға шақырды. 


“Өз банк картасын немесе жеке куәлігін басқа адамға жалға беріп, сол арқылы пайда табу – бұл табыс емес. Бұл – алаяқтардың тікелей сыбайласы болу деген сөз”,- деді спикер.


Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар қазір тіпті жасанды интеллектіні пайдалануда. Олар адамның бет-әлпетін (Deepfake) немесе дауысын айнытпай салып, жақындарын алдау арқылы ақша бопсалайды.


Кездесу тек теориямен шектелмеді. Жиын соңында студенттер алған ақпараттарын бекіту үшін арнайы практикалық тапсырмалар орындап, киберқауіпсіздік дағдыларын шыңдады.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!