Қазақстанда әдейі банкроттық жасайтын компания көбейген
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті соңғы уақытта міндеттемелерін орындаудан қасақана жалтарған компаниялардың сот арқылы әдейі банкрот деп танылу жағдайы жиілеп кеткенін хабарлады, деп жазады otpannews.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, елімізде 2024–2025 жылдары банкроттық рәсімдеген борышкерлердің ішінде әдейі банкроттық белгілері бар 120 әкімшілік өндіріс және 44-тен астам қылмыстық іс қозғалды.
Мамандардың айтуынша, банкроттық рәсімі енді жосықсыз кәсіпкерлер үшін жауапкершіліктен құтылудың жолы бола алмайды. Заңнамаға сәйкес, әдейі банкроттық – бұл кредиторлар алдындағы қарызды өтемеу мақсатында активтерді жасыру, заңсыз шығару немесе жалған мәмілелер жасау арқылы жүзеге асатын қасақана әрекет. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, компанияның құрылтайшылары мен лауазымды тұлғалары жеке жауапкершілікке, соның ішінде субсидиарлық жауапкершілікке тартылады. Яғни, компанияның қарызын өз қаражаты есебінен өтеуге міндеттелуі мүмкін.
Мемлекеттік кірістер органдары алдағы уақытта әдейі банкроттықты анықтаудың автоматтандырылған жүйелерін кеңінен қолданбақ.
- Компаниялар арасындағы байланыстар, қаржылық операциялар мен борышкерлердің мінез-құлқы кешенді түрде талданады. Бұл құқық қорғау органдарына жолданатын материалдардың сапасын арттырып, сотқа берілетін талаптардың санын көбейтуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады МО Мемлекеттік кірістер департаменті.