Otpan News Logo

Ақтаудағы қарапайым автосервис тұрғындарды ғажайыпқа сендіріп келеді

|
16.01.2026 17:18
Ақтаудағы қарапайым автосервис тұрғындарды ғажайыпқа сендіріп келеді

Ақтаулық екі ағайынды тек автокөліктерді жөндеуден өткізіп қана қоймай, адамдарға ұмытылмас әсер сыйлап, ғажайыпқа деген сенімдерін оятты. Осындай кереметтің бірі жаңа жылдың қарсаңында Ақтаудан шыққан скрипкашы Әлия Жанәлидің отбасында болды. Ол ата-анасынан ауыр жол-көлік апатынан айырылып қала жаздады, деп жазады otpannews.kz.

 

2023 жылдың желтоқсан айында Әлияның әжесі қайтыс болып, ата-анасы жерлеу рәсіміне жолға шыққан. Көлік апаттан аз уақыт бұрын несиеге алынған еді.

 

«Олар Атырау-Астрахан тасжолымен келе жатқан. Бастапқыда түнде жүрмейміз деп жоспарлаған, алайда асығыс болған соң жолға қараңғы уақытта шығуға тура келді. Бір сәтте жолға сиырлар шығып, әкем оларды жақындаған сәтте ғана байқады. Соның салдарынан апат болып, көлік қатты зақымданды, бірақ ата-анам нағыз ғажайыптың арқасында тірі қалды, тек жеңіл жарақаттар алды. Бізге, балаларға, олар ештеңе айтпады. Барлығын тек үйге оралғанда, көлікті эвакуатор алып келгенде білдім. Көлікті үйдің ауласына қойдық, несиесін төлеуді жалғастырдық, бірақ жөндеуге қаражат болмады. Анам көлікке қараған сайын жылап, сол түнді еске алатын. Өткен жылдың ортасында кездейсоқ «Тачка на прокачку» байқауы туралы хабарландыруды көріп, қатысуды ұйғардым. Құрбым екеуміз бейнеролик түсірдік, ол байқауға қатысудың міндетті шарты болатын», – дейді Алия Жанәли.

 

Автосервис иелері Кирилл мен Андрей Трофимовтар жариялаған байқауға тек Ақтау тұрғындары ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінен, тіпті шетелден де қатысушылар болған. Үздік үштікті қазылар алқасы анықтаса, жеңімпаз әлеуметтік желілердегі дауыс беру арқылы таңдалды.

 

«Қатысушылар аз болды, сондықтан жеңеміз деп ойладық. Бірақ байқау енді басталған екен, соңына қарай үміткерлер өте көп жиналды. Менің өтінімім тіпті бірінші кезеңнен өтпеді. Қатты күйзелдім, жыладым, әлеуметтік желіге сторис те салдым. Келесі күні филармониядағы репетицияда отыр едім. Мен облыстық оркестрде скрипкада ойнаймын. Біреу қоңырау шалып, курьер келіп тұрғанын айтып, сыртқа шығуымды сұрады. Ештеңе сезбей сыртқа шықсам, Андрейдің көлігін көрдім. Алдымен жұбату үшін келген шығар деп ойладым. Бірақ Андрей келіп, біздің көлікті байқаудан тыс жөндеп беруге шешім қабылдағанын айтты. Сол сәтте: “Мен сенің ғажайыпқа сенуіңді қалаймын», - деді. Мен сол сәтте шексіз бақытты болдым, мұндай эмоцияны бұрын-соңды сезінбеппін. Басқаларға тегін көмектесетін бейнежазбаларды көп көретінмін, бірақ бұл менің басымнан өтеді деп ойламадым», - дейді Әлия.

 

Алия ата-анасының телефондарында Андрейдің әлеуметтік желідегі парақшасын бұғаттап қойған. Себебі олар көлікті алдын ала көріп қоймасын деп ойлаған. Автокөлік сервистің жөндеу цехына жеткізілді. Ал ата-анасына «достарым гаражға апарып қойды, жаңбыр мен қар астында тұрмасын» деп түсіндірген. Жарты жылдан кейін, Жаңа жыл қарсаңында жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

 

«Көлікті қақпа алдына әкелгенде ата-анама аулада суретке түсуге шығайық деп ұсыныс жасадым. Сол кезде олар біздің көлікті көрді. Алғашында сенбеді. Себебі, жаңа көлік сияқты көрінді. Анам эмоциядан жүрегі қысылып қалды. Ұзақ уақыт өз-өздеріне келе алмады. Бұл - менің өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі. Андрейге ғажайыпқа сенуге мүмкіндік бергені үшін шексіз ризамын», - дейді Әлия.

 

Жөндеу жұмыстарының қиындығы – апатқа ұшыраған Chevrolet Aveo моделінің бар болғаны бір жыл ғана шығарылғанында болды. Қосалқы бөлшектерді табу оңайға соқпаған. Оларды әр жерден алдыртуға тура келген. Көлікті қалпына келтіруге автосервиске қарасты 12-ден астам маман қатысқан. Айта кетерлігі, әлеуметтік желілерде көлік туралы видео жарияланған соң, сол түні трассада жедел жәрдем шақырған азаматтардың бірі оны танып, адамдардың тірі қалғанына қуаныпты.

 

Андрей мен оның ағасы Кирилл Ақтауда туып-өскен. Жасөспірім кездерінде түрлі жұмыс істеген, тіпті қоқыс та жинаған. Андрейдің айтуынша, бұл оларды тәртіпке үйретіп, әр тиын адал еңбектің арқасында табылуы керек екенін түсіндірген. Андрей 15 жасында автосервиске жұмысқа орналасып, автокөлік техникасына қызығушылық танытқан. Ал 2005 жылы ағасымен бірге жеке автосервис ашқан.

 

«Бұл жобаны Ақтауда бірнеше жыл бұрын бастадық, бірнеше көлікті жаңарттық. Алғашында әлеуметтік желілерді дамыту үшін жасадық, кейін бұл іс өзімізді де қызықтырып әкетті. Адамдарға қуаныш сыйлап, ғажайыпқа сенім ұялатқанды жақсы көремін. Қазір жаңа жоба бастадық – болашағын көре алмай, тығырыққа тірелген бір адамның өмірін өзгертуге бел будық», – дейді Андрей.

 

Автосервис иесі әлеуметтік желіде: «Бакуге сапарға бір жігітті ертіп барамын, мотивация беру үшін» деген жазба жариялады. Бірнеше шарт қойылды: жігіт тұрмысы төмен отбасынан болуы керек, бұрын шетелге түгілі, облыс шегінен де шықпаған болуы тиіс.

 

Жазбаға бірінші болып Виктор есімді жігіт жауап беріп, өз тарихын баяндаған. Андрей бірден оның іздеген адамы екенін түсінген. Виктор Ақтаудағы демалыс базаларының бірінде күзетші болып жұмыс істейді, сол жерде вагончикте тұрады. Оның айтуынша, үйде оған орын жоқ.

 

«Егер біреудің өмірін өзгертуге мүмкіндігім болса, неге соны жасамасқа? Мен оған қармақ беремін, ал балықты өзі ұстасын. Біз оған алғаш рет төлқұжат рәсімдеп бердік, Бакуде жақсы қонақүйге орналастырамыз, киіндіреміз, аяқкиім алып береміз, бұрын тек суреттен көрген өмірді көрсетеміз», – дейді Андрей Трофимов.

 

Викторды әуежайдан шығарып салып, Бакуге ұшаққа отырғызды. Бірнеше күннен кейін ол Ақтауға оралады. Мұнда оған бір айға пәтер жалдап беріп, қай салада өзін табуға болатынын ұсынбақ. Ал бір айдан кейін қорытынды жасалады – «әдемі өмір» жас жігітті әрекетке итермелеп, болашағын өзгертуге жігер бере алды ма, жоқ па – сол белгілі болады.

118
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!