Қаңтардан бастап қазақстандықтардың жалақысы өседі
ашық дереккөз
Қаңтар айынан бастап қазақстандықтардың жалақысы көбірек түседі. Себебі биылдан бастап жеке табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа салық кодексі бойынша жеке табыс салығын есептеген кезде қолданылатын стандартты шегерім ұлғайды. Бұрын мемлекет табыстың шамамен 55 мың теңгесін ғана есепке алмайтын, биыл бұл сома 130 мың теңгеге дейін көбейді.
- Бұған дейін жеке тұлғаның табысынан 14 АЕК шегеріп тастап табыс салығын есептейтін. Биылдан бастап бұл көрсеткіш 30 АЕК-ге ұлғайды. Енді табыс салығын есептеу үшін жалақыңыздан 30 АЕК шегереді. Бұл шегерімді барлық адам пайдалана алады. Бірақ көпбалалы ата-ана ретінде немесе ипотека бойынша шегерім түрлері алынып тасталды, - деді салық консультанты Гүлнұр Нұрланқызы Parasat podcast ютуб каналына берген сұхбатында.
Мамандар бұл өзгеріс азаматтардың салығын азайтып, жалақының көлемін арттыруға мүмкіндік береді дейді.
- Мысалы, сіздің айлық табысыңыз 200 мың теңге болса, одан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын, 2 пайыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және жеке табыс салығын азайтқанда өткен жылы қолыңызға шамамен 163 мың теңге алатын едіңіз, ал биыл 171 мың теңге аласыз. Бұл жеке табыс салығын есептеу үшін пайдаланатын шегерімнің 14 АЕК-тен 30 АЕК-ге өсуімен байланысты. Демек биылдан бастап жалақыңыз көбейіп, аз салық төлейсіз, - деді бухгалтер Аида Амангелдіқызы.
Айта кетейік, айына 150 мың теңгеге дейін табыс табатындар жеке табыс салығын төлемейді. Жаңа норма 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
132
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев