Otpan News Logo

Дәрігерге құрмет – адам өміріне құрмет

|
21.01.2026 15:28
Дәрігерге құрмет – адам өміріне құрмет

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң – қоғам үшін маңызды әрі игілікті қадам. Осы заңның қабылдануын зор ризашылықпен қабылдап, Мемлекет басшысына алғыс хат жолдаған Маңғыстау өңірінің білікті дәрігері, медицина саласының ардагері Қуат Машырықов бұл шешімді ақ халатты абзал жандардың еңбегін бағалаудың нақты көрінісі деп санайды.


44 жылға жуық ғұмырын медицина саласына арнаған ардагер дәрігердің айтуынша, жаңа заң ең алдымен дәрігердің мәртебесін көтеріп, олардың алаңсыз, сенімді жағдайда қызмет етуіне мүмкіндік береді.


– Дәрігер үшін ең бастысы – науқасқа бар ынтасымен, кәсіби тұрғыда көмек көрсету. Ал қауіпсіздік қамтамасыз етілген жерде жауапкершілік те, сенім де арта түседі. Бұл заң медицина қызметкерлеріне үлкен қолдау, – дейді Қуат Машырықов.


Ардагер дәрігер жаңа заңның қабылдануы медицина саласына тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шешім дәрігерлердің жұмысқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтады.


– Дәрігер адам өмірі үшін күреседі, күн сайын үлкен жауапкершілікпен жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетілуі – дәрігер еңбегінің лайықты бағаланғанының белгісі, – дейді ол.


Заңның тағы бір маңызды тұсы – дәрігер мен пациент арасындағы сенімді күшейту. Қуат Машырықов бұл ретте қоғамда түсіністік пен мәдени қарым-қатынастың орны ерекше екенін айтады.


– Өзара сыйластық болған жерде ғана сапалы медицина қалыптасады. Бұл заң соған жол ашады, – дейді сала ардагері.


Қуат Машырықов – Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетінің 1982 жылғы түлегі, мамандығы – стоматолог. Ол еңбек жолында хирург-стоматолог, ортопед-стоматолог, сондай-ақ бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарған. Өзен және Ақтау қалаларында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, өңір халқының денсаулығын нығайтуға зор үлес қосты.


Зейнет жасына шықса да, ардагер дәрігер медицинадан қол үзген емес. Бүгінде ол жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп келеді.


– Бұл мамандықта ең басты құндылық – білім мен тәжірибе. Сол екеуі үздіксіз ізденіспен ұштасқанда ғана нәтиже болады, – дейді ол.


Ардагер дәрігер бүгінгі медицинаның, әсіресе стоматология саласының қарқынды дамуын ерекше мақтанышпен айтады. Компьютерлік технологиялар, цифрлық жүйелер, имплантация, цирконий коронкалар – мұның бәрі отандық медицинаның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.


– Бұрын қолмен жасалған дүниелер қазір автоматтандырылған жүйе арқылы орындалады. Бұл – уақыт талабы, әрі үлкен мүмкіндік, – дейді Қуат Машырықов.


Ол алдағы уақытта отандық медициналық материалдар өндірісі дамыса, саланың әлеуеті одан әрі арта түсетініне сенімді. Ардагер дәрігер жас әріптестеріне де ақжарма тілегін жеткізді.


– Үнемі білімді жетілдіріп, тәжірибе алмасып отыру керек. Ең бастысы – адамгершілік. Әр науқасты жақыныңдай қабылдап, шынайы қызмет етсең, халықтың алғысы да, сенімі де артады, – дейді ол.


Сөз соңында Қуат Машырықов Мемлекет басшысына медицина саласына көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау үшін алғысын білдіріп, бұл бастамалардың ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.


– Дәрігерге құрмет – адам өміріне, ұлт денсаулығына деген құрмет. Осындай игі қадамдар арқылы медицина саласының абыройы арта беретініне сенемін, – деп түйіндеді ол.


Зухра Әбділ – Саттар

87
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!