Маңғыстауда ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі өтеді

Ақтауда 21–26 қыркүйек аралығында ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі өтеді. Халықаралық іс-шараға түркітілдес жеті мемлекеттен тоғыз театр қатысады. Бұл туралы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының директоры Айдос Тастаев айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, фестивальдің ашылу салтанаты 21 қыркүйек күні сағат 20:00-де Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында ұйымдастырылады.
-Бұған дейін сағат 11:00-де ТҮРКСОЙ басшылығы және ұйымға мүше елдердің мемлекеттік театрларының жетекшілерінің қатысуымен «Түркі әлемі театрлары: мәдени ықпалдастық, шығармашылық байланыс және заманауи даму бағыттары» тақырыбында директорлар кеңесінің он бірінші отырысы өтеді. Жалпы фестиваль үздіктерін анықтайтын қазылар алқасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстаннан келген театр өнерінің тәжірибелі режиссерлері, драматургтері мен сыншылары бар, - деді Айдос Тастаев.
Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев бұл сахна өнерінің мерекесіне түркітілдес мемлекеттер өздерінің ең таңдаулы театрларын жібергендігін атап өтті.
-Әзербайжанның Шеки мемлекеттік драма театры, Түркиядан Стамбұл және Бурса мемлекеттік театрларының бірлескен шығармашылық ұжымы, Қырғызстаннан Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Өзбекстаннан М. Мукими атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, Венгриядан Бекешчаба театры, Түрікменстаннан С. Түркменбашы атындағы Балқан велаятының Түрікмен мемлекеттік драма театры, Қазақстаннан Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры бар. Сондай-ақ, астаналық Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры мен Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрлары фестиваль қонағы ретінде өнер көрсетеді. Әр театр өздерінің үздік спектакльдерін ұсынады, - деді Медғат Өмірәлиев.
Фестиваль аясында спектакльден бөлек,«Zhanturin Talks» шеберлік сағаты өтеді. Шараға спикер ретінде КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, театр және кино актері Дулыға Ақмолда мен Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев қатысады.
Ал Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театры директорының орынбасары Ерболат Орынғалиев фестиваль аясында ұсынылатын тегін спектакльдерді көру үшін алдын ала тіркелу қажет.
-Фестиваль аясында ұйымдастырылатын спектакльдердің барлығы тегін. Фестивальдің жабылу салтанаты 26 қыркүйек күні 19:00-де Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының үлкен залында өтеді. Қатысушы театрларға түрлі аталымдар бойынша фестиваль жүлделері табысталады, - деді Ерболат Орынғалиев.
Спектакльдерді тамашалау үшін алдын ала +7 778 984 0228 байланыс номері бойынша жазылу қажет.
