Олжас Бектенов: электр мопедтер мен самокаттарға бақылауды күшейту қажет
Нұргүл Алясова
|
15.09.2025 18:24

kreschatic.kiev.ua
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов электр мопедтері мен самокаттарды пайдалануға бақылауды күшейту қажеттігіне баса назар аударды, деп хабарлайды otpannews.kz.
ҚР Үкіметінің хабарлауынша, мопедтер мен самокаттар белгілі бір дәрежеде қоғамдық көліктерге түсетін жүктемені біршама азайтып жатқанына қарамастан, жол ережелерін сақтамау салдарынан тұрғындарға қолайсыздық келтіріп, жол қозғалысына қауіп төндіріп келеді.
Жыл басынан бері электросамокаттарды тізгіндегендер 360-тан астам апат жасады.
«Жолдауда Мемлекет басшысының осы өзекті мәселеге назар аударуы кездейсоқ емес. Әлемдік тәжірибе бірқатар елде мұндай көлік құралдарынан толық бас тарту немесе оған шектеу қою шаралары қолданылғанын көрсетіп отыр. Мәселен, Парижде 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап самокаттарды жалға алуға тыйым салынды. Тек өз құралыңды пайдалануға рұқсат. Өткен жылдың қазан айынан бастап Мадридте де дәл осындай шектеу шаралары күшіне енді. Ұлыбританияда әрбір электросамокатқа мемлекеттік нөмір беріліп, оны тек жүргізуші куәлігімен ғана басқаруға болады. Ішкі істер министрлігіне заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды тапсырамын. Бүгін біз осы мәселе бойынша Үкімет қорытындысын қабылдаймыз», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жолда адам өмірі мен денсаулығын сақтау әрбір мемлекеттік органның және әкімдіктің жұмысындағы басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.
33

Комментарии
Комментарии
Нет комментариев