Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Нұрдәулет Қилыбай: Сыбайлас жемқорлықпен ашық түрде күресуіміз қажет

Махаббат Нұржанқызы
|
19.09.2025 17:23
Нұрдәулет Қилыбай: Сыбайлас жемқорлықпен ашық түрде күресуіміз қажет

Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың нәтижелері мен партияның Сайлауалды бағдарламасының іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров, кеңес мүшесі Абзал Құспан, Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев сондай-ақ басқа да кеңес мүшелері қатысты.


Кеңес төрағасы Ерлан Саировтың айтуынша, бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың басты тетігі – еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және аймақтық мемлекеттік органдардың мемлекеттік жоспарлаудағы жауапкершілігін күшейту. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдары шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруін доғару қажет екенін ерекше атап өтті.


Іс-шарада Нұрдәулет Қилыбай сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндап, 2023-2024 жылдары аймақта әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.


«Өңірдегі барлық салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екені жасырын емес. Бұған дейін әріптестеріміз қылмыстық тәуекелдерге ұшырап жатса, кейбір жағдайда оларды бүркемелеу болған шығар. Алайда оның заманы өтті. Қазіргі біздің басты ұстанымымыз – проблемаларды жасырмай, ашық түрде айтып, онымен жүйелі күресу. Сондай-ақ облыста партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде жасалып жатқан жұмыстары да өте көп. Ерлан Бияхметұлы айтқандай жоспарланған 88 іс-шараның 12 бойынша орындалмау қауіпі бар, бүгін біз осы жасалмай жатқан жұмыстарға ғана тоқталып отырмыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Кеңес барысында Абзал Құспан өңірдегі жемқорлық қылмыстарының жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 92 қылмыс тіркеліп, оның 79-ы сотқа жолданды. Келтірілген 694,5 млн теңге залалдың 85 пайызы мемлекетке қайтарылған. Жемқорлық деректері негізінен жергілікті атқарушы органдарда, полиция және квазимемлекеттік секторда болған. Жалпы 79 адам әшкереленіп, олардың ішінде облыстық деңгейдегі 4 басшы бар.


Жиында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, жауаптар алды. Көтерілген ұсыныстардың ішінде мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру, азаматтардың шағымдарына дер кезінде ден қою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту шаралары болды.


Кеңес қорытындысында аймақтағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, жауапты органдардың жұмысын күшейту және қоғам тарапынан бақылауды арттыру бойынша нақты ұсыныстар берілді.

18
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!