«Тұрғынүйлерге ұлттық нақышта реңк беру, суағар орнату мен қалалық газет ашу»: Әбілқайыр Байпақов сұрақтарға жауап берді

Әбілқайыр Байпақов Ақтау қаласының әкімі қызметіне кіріскеніне бір жыл толуына орай жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарға жауап берді. Шаһар басшысына журналистер қаланы дамыту, сонымен бірге, маңызды жобаларды жүзеге асыру туралы сұрақтар мен ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуде журналист Сағындық Рзахмет Ақтау қаласында қалада салынып жатқан үйлердің сәулетіне ұлттық нақышта реңк беру, қалалық газет ашу, көшелердегі суағарлар жайын, сондай-ақ, облыс орталығының кейбір аумақтардағы заңсыз сауда мен өндірістерді назарға алу туралы айтқан еді.
Мәселеге жауап берген әкім Ақтауда үй салу кезінде сәулет бойынша ұлттық нақыштың назардан тыс қалмайтынын атады.
«Ақтауда тұрғынүйлерді салған кезде ұлттық нақышта реңк беру мәселесін ескереміз. Өзіміздің бұған қатысты жоспарымыз бар. Орталық көшелердегі үйлердің қаспетін қаптау, жаңарту жөніндегі жоспарымыз жеткілікті. Алайда ол қомақты қаражатты қажет етеді. Сондықтан түрлі ұсыныстар бойынша нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Олардың қайсысы Ақтау қаласының көркіне сай келеді? Соны таңдау арқылы жүзеге асырамыз», - деді Әбілқайыр Байпақов.
Сондай-ақ, Ақтау әкімі қалалық басылым ашу мәселесіне назар аударып, оны қарастыру жағын өзінің орынбасары Бекзат Жүсіпке тапсырды.
«Қалалық газет ашу мәселесін ұсыныс ретінде қарап көрейік. Бекзат Бақбергенұлы, бұның қажет екеніне сөз жоқ. Ақтау қаласының тыныс-тіршілігі жөніндегі газет ашу жөнінде сұраныс болса, бәсекеге қабілетті болса, оны жүзеге асырайық», - деді Ә.Байпақов.
Ал жауыннан кейін Ақтаудағы шағын аудандар аралығындағы жолдарды су басып, көліктердің жүруіне кедергі келтіретін жайтқа қатысты мәселені шешу жүзеге асып келе жатқаны аталды. Әбілқайыр Байпақовтың сөзінше, қала бойынша суағарға қатысты туындаған мәселені бірден реттеу әзірге мүмкін болмай отыр.
«Қалада суағар мәселесі бойынша бірнеше жерде жүргізіп жатырмыз. Ақтау бойынша мәселені бір мезетте реттеу мүмкін емес. Сондықтан оны кезең-кезеңімен реттеудеміз», - деді ол.
Сонымен бірге, қала шетінде заңсыз сауда мен өндірісті қолға алғандарды бақылау жайын әкімдік қазіргі таңда назарға алған көрінеді.
«Қаланың сырт жағындағы заңсыз саудаларға байланысты жағдайдан хабардармыз. Кейде көлікпен келіп сауда жасап жатқан кәсіпкерлерді көреміз. Бұл біздің бақылауымыздағы мәселе», - деді Әбілқайыр Байпақов.



