Ақтауда түркі елдерінің мемлекеттік театрлары директорларының кеңесі өтті

Ақтауда ІІІ Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі аясында түркі елдері мемлекеттік театрлары директорларының дәстүрлі кеңесі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиынға Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали, қазақ сахна және кино өнерінің аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімов және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысып, сөз сөйледі. Олар театр қайраткерлеріне шығармашылық табыс пен фестивальдің сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Кеңесте алдымен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына мүше мемлекеттердің театрларымен атқарған жұмысы туралы ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық театр басшылары өздерінің шығармашылық қызметі жөнінде есеп берді.
Бұдан бөлек, театрлар арасындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Қатысушылар екіжақты байланыстар орнату, бірлескен фестивальдер ұйымдастыру, шеберлік сыныптарын өткізу жайында пікір алмасты. Сонымен қатар түркі елдері драматургтерінің шығармаларын репертуарға енгізу, режиссерлер мен сценографтарды шақыру мүмкіндігі сөз болды.
Отырыста 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар жөнінде ұсыныстар талқыланып, өзге де мәселелер қаралды. Кеңес соңында келесі отырыстың өтетін орны белгіленіп, қорытынды құжаттар бекітілмек.
Жиын соңында қазақ сахна және кино өнерінің аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімов бастаған түркітілдес елдердің театр директорларын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев марапаттады.
