Маңғыстауда үздік білім беру ұйымдары анықталды

Маңғыстау облысының білім басқармасы «Орта білім беретін үздік ұйым» және «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін үздік ұйым» грантын беру конкурсының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Биыл конкурста облыс бойынша 9 білім беру ұйымы бақ сынады. Оның ішінде 6 орта білім беру ұйымы, 3 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар.
Үміткерлердің құжаттарын облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасының басшысы, білім сапасын қамтамасыз ету департаменті және басқа да салалық ұйымдардың өкілдерінен құралған комиссия қарады.
Нәтижесінде «Орта білім беретін үздік ұйым»
І орын - Ақтау қаласы мамандандырылған ІТ лицейі;
ІІ орын - Мұнайлы ауданы, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектебі;
ІІІ орын - Жаңаөзен қаласы, №5 мектеп-гимназиясы иеленді.
«Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін үздік ұйым» болып Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі атанды.
Білім басқармасының жазуынша, бұл конкурс өңірдегі білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру, озық тәжірибелерді анықтау және қолдау, сондай-ақ білім сапасын көтеруге ынталандыруды көздейді.
