Маңғыстау жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуге дайындалып жатыр

Маңғыстау облысында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Маңғыстау түбегінің жартас мешіттері» атты тарихи-мәдени ескерткіштер кешенін енгізу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл жөнінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен ИКОМОС техникалық бағалау миссиясының өкілдерімен кездесуде айтылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес өңірдегі бес жерасты мешіті – Бекет ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан үпі мешіттерін халықаралық тізімге енгізу мәселелері талқыланды. Бұл тарихи ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген еді.
Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттар әзірленіп, Париждегі штаб-пәтерге жолданды. Қорғау аймақтары анықталып, арнайы ақпараттық тақтайлар орнатылды, фото және бейнематериалдар дайындалды. Миссия аясында өңірге халықаралық сарапшылар – Бурса Улудаг университетінің профессоры және ИКОМОС сарапшысы Кивилджим Джоракбас Фиген Баликесир, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин, «Қазреставрация» мекемесінің бас директоры Олжас Шариязданов және сәулетші Лаззат Бейсембаева келді.
«Маңғыстау – тарихы терең өлке. Мұнда ежелгі қорымдар, сәулет өнерінің тамаша туындылары саналатын тамдар мен сағаналар, жерасты мешіттері бар. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы ескерткіштерді қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бес жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енді. Қазір қорғау аймақтары белгіленіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың бүкіләлемдік мұралар қатарына енуі халқымыздың тарихи құндылықтарын сақтап қана қоймай, еліміздің мәдени және экономикалық дамуына серпін береді», – деді облыс әкімі.
Кездесу соңында Нұрдәулет Қилыбай миссия жұмыстарының өңір үшін маңыздылығын атап, барлық шара халықаралық талаптарға сай жүргізілетінін жеткізді.




