Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Облыс басшысы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Махаббат Нұржанқызы
|
19.09.2025 19:21
Облыс басшысы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. Жиында есірткі қылмыстарымен күрес, есірткі жеткізу арналары мен контрабанданы жабу, интернет-ресурстардағы заңсыз әрекеттерді анықтау және алдын алу шаралары талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Шара барысында Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жангелді Жаримбетов және облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел басқармасының басшысы Ардақ Белгібаев баяндама жасады.


Биылғы жылдың 8 айында өңірде 322 есірткі құқықбұзушылық тіркеліп, заңсыз айналымнан 328 кг-нан астам есірткі заттары тәркіленді. Қылмыстық топтардың жолы кесіліп, трансұлттық деңгейде әрекет еткен 9 адамнан құралған наркоқұрылым әшкереленді. «Кибербақылау» жүйесі арқылы 800-ге жуық есірткі жарнамасына қатысты интернет-сілтемелер бұғатталды. Сонымен қатар 6 мыңнан астам банк шоттары тоқтатылып, заңсыз айналымдағы 1 млрд теңгеден астам қаражат анықталды.


Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, есірткі заттарын жеткізуге қатысты бірқатар ірі фактілердің жолы кесілді. Атап айтқанда, Ираннан әкелінген аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленіп, Ақтау халықаралық әуежайында шетел азаматтары ұсталды. Сондай-ақ облыс аумағында 100 кг кептірілген марихуана салынған жүк көлігі анықталды.


Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде нашақорлықтың алдын алу, жастарды салауатты өмір салтына тарту, құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейту және интернет-алаңдардағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

12
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!