Маңғыстаулық фермер әлемдік ірімшік байқауында алтын жүлдеге ие болды

Францияның Тур қаласында өткен әлемдік деңгейдегі Le Mondial du Fromage сыр байқауында маңғыстаулық фермер топ жарды. Додаға алғаш рет қатысқан Қазақстан өкілдері үш алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленіп, ел абыройын асқақтатты. Оның ішінде Маңғыстаудан қатысқан «Жеті лақ» фермасы алтын жүлденің иегері атанды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысынан қатысқан «Жеті лақ» фермасы Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында орналасқан. Оның негізін Кобзевтер отбасы 2020 жылы қалады. Қожалық ешкі және түйе сүтінен жасалған жоғары сапалы сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Өнім құрамында пастерленген ешкі сүті, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрі бар. Кәсіп иелері ай сайын шамамен 3,5 тонна ешкі сүтін өңдейді.
Біз мемлекеттік гранттық бағдарламаларға және «Ауыл аманаты» сияқты бастамаларға белсенді қатысамыз. Мемлекеттік қолдаусыз ауылдағы агробизнесті дамыту өте қиын болар еді. Қазақстанның халықаралық сыр аренасындағы жеңісі – бәріміздің ортақ мақтанышымыз, — деді ферма өкілі Александр Григолов.
Айта кетейік, 32 елден келген үміткерлер қатысқан байқауда қазақстандық фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жеңіске жетуі – отандық агроөнеркәсіп саласы үшін зор жетістік.
