Бокстан әлем чемпионы болған қазақстандықтарға 100 мың долларға дейінгі сертификаттар табысталды

Астанада Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген Қазақстанның ұлттық бокс құрамасын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшылар мен олардың бапкерлерін құттықтады. Оның айтуынша, мемлекет Қазақстанның әлемдік бокстағы позициясын нығайтуды көздеп отыр.
«Қазіргі уақытта біз 2026–2030 жылдарға арналған бокс дамытудың тұжырымдамасын әзірлеудеміз. Жақын уақытта Ұлттық спорт университеті ашылып, онда заманауи залдары мен төрт рингі бар бокс кафедрасы жұмысын бастайды. Бұл халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға жағдай жасайды», – деді министр.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Чемпиондар қатарында – Санжар Тәшкенбай, Махмуд пен Торехан Сабырхандар, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева бар. Жүлдегерлер – Аида Әбікеева, Наталья Богданова және Елдана Тәліпова.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мұталлип «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін иеленді. Федерация мен бапкерлік құрам өкілдерінің бірқатары грамоталармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды. Спортшылар 30-дан 100 мың долларға дейінгі ақшалай сертификаттарға ие болды.
Медициналық топтың дәрігерлері мен мамандары да ерекше құрметке бөленді.
