Бибісара Асаубаева халықаралық турнирде жүлдегер атанды

Ақтаулық шахматшы Бибісара Асаубаева Самарқандта (Өзбекстан) өткен беделді FIDE Women’s Grand Swiss 2025 турнирінде үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған көрсеткіш қазақстандық шахматшы қыздардың «Үлкен Швейцария» додасындағы ең үздік нәтижесі болып отыр. Бибісара Асаубаева шешуші соңғы турға дейін жеңіс үшін барын салды. 11-турдағы украиналық Анна Музычукпен (2535) кездесу тең аяқталып, Бибісара 7,5 ұпайға ие болған. Бұл нәтиже оған сенімді түрде үшінші орынды иеленіп, 25 мың доллар (шамамен 13,5 млн теңге) көлемінде жүлде алуға мүмкіндік беріп отыр.
Ал 8 ұпай жинаған үндістандық Вайшали Рамешбабу турнир жеңімпазы атанды. Ол осылайша 2023 жылғы жетістігін қайталады. Екінші орын 8 ұпай еншілеген ресейлік Катерина Лагноның еншісіне жазылды.
Отандық шахмат шеберлерінің арасында Бибісара Асаубаева (2505) - 7,5 ұпай, 3-орын ($25 000), Меруерт Камалиденова (2349) - 6 ұпай, 19-орын ($3 000), Елназ Калиахмет (2299) - 5 ұпай, 37-орын, әйелдер гроссмейстері нормасын орындаған. Ал Ксения Балабаева (2383) - 5 ұпаймен 40-орынға ілінді.
Айта кететін жайт, бұл жетістік Бибісара Асаубаеваға 2026 жылғы үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік беретін маңызды рейтингтік ұпайлар жинауға жол ашып отыр. Қазіргі таңда ол әлемдік шахмат аренасында Анна Музычук, Лэй Тинцзе және Харика Дронавалли сынды мықтылармен деңгейлес шахматшы саналады.
