Ақтауда қазақ өнерінің майталмандары шеберлік сағатын өткізді

Ақтауда ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі шеңберінде «Zhanturin Talks» атты шеберлік сағаты өтті. Оған Қазақстанның мәдениет саласына еңбегі сіңген майталмандар – КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда және Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев спикер ретінде қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шарада өнер иелері өздерінің шығармашылық жолынан сыр шертіп, сахнадағы және кино саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ қазіргі қазақ театрының даму бағыты, жас актерлерді тәрбиелеу мен сахна мәдениетін қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Қатысушылар аңызға айналған актерлердің ой-пікірін тыңдап қана қоймай, еркін сұрақ қойып, кәсіби кеңес алды. «Zhanturin Talks» шеберлік сағаты жас өнерпаздар мен театрсүйер қауым үшін пайдалы тәжірибе алаңы болды.
Өңірде өтіп жатқан ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі еліміз үшін, соның ішінде маңғыстаулықтар үшін үлкен маңызға ие. Бұл шараның берері мол. Бүгін ұйымдастырылған «Zhanturin Talks» атты шеберлік сағаты жастарға ой бөлісіп, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ көкейлеріндегі сұрақтарын еркін қоюға мүмкіндік берді, - деді Дулыға Ақмолда.
