Маңғыстау жастарына стартап жобалар үшін 2 миллион теңге грант беріледі

Аймақ жастарының кәсіпкерлік және инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында «StartUp Mangystau: жастар және инновациялар» стартап-жобалар байқауы өткізіліп жатыр. Жеңімпаздар өз идеяларын жүзеге асыру үшін 2 миллион теңге грант ұтып ала алады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Игі бастама Маңғыстау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы негізінде жүзеге асып отыр. Байқау аясында жастар ғылым, технология, IT, әлеуметтік кәсіпкерлік және өнеркәсіптік инновациялар бағытында өз идеяларын ұсынып, қаржылай қолдауға ие болады.
Байқауға қатысушылар ақпараттық технологиялар және сандық шешімдер, экотехнологиялар және жаңғырмалы қуат, ауыл шаруашылығы және агротехнологиялар, туризм, мәдениет және шығармашыл индустриялар, әлеуметтік кәсіпкерлік, өнеркәсіптік инновациялар және инженерлік шешімдер бағыттары бойынша өз жобаларын ұсына алады. Айта кетейік, Маңғыстау облысының дамуына пайдасын тигізуі мүмкін кез-келген инновациялық идеялар құпталады.
Өтінімдер 2025 жылдың 1 қыркүйегінен 25 қыркүйегіне дейін қабылданады. Қатысу үшін өтініштер жобаның ресми Instagram парақшасы – @startup_mangystau арқылы онлайн форматта жіберіледі. Жеңімпаздарға өз жобаларын жүзеге асыру үшін әрқайсысына 2 миллион теңге көлемінде грант беріледі.
