Ақтауда түркі елдерінің ІІІ халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді

Ақтауда Түркі мәдениеті ұйымының ІІІ халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, белгілі театр және кино актері Дулыға Ақмолда, сондай-ақ 7 елден келген өнер майталмандары қатысты.
Түркі мемлекеттерінің театр тарландары бүгін қасиетті Маңғыстау өңірінде бас қосып отыр. Сәуір айында басталған «Түркі мәдениетінің астанасы» аясында осы уақытқа дейін 30-ға жуық ірі шара өтті. Осындай ауқымды мерекеде сіздерді қарсы алғанымызға қуаныштымыз, – деді Тілеген Әбішев.
Фестивальдің басты символы – суынайғыр. Ол тек тұлпар бейнесі ғана емес, түркі халықтарының бірлігі мен ортақ рухының, тарихи сабақтастығының айрықша белгісі ретінде таныстырылды. Ашылу салтанатында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театры «Суынайғыр – ел рухының айнасы» атты аңыздық қойылымды сахналады. Шара Нұрлан Нәсіп, Қобыланды Болат және Марат Оразбаевтың әсем әндерімен жалғасты.
Фестивальге Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан, Түрікменстан және Қазақстаннан барлығы 9 театр ұжымы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мен М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театры қонақ ретінде өнер көрсетеді.
Түркі мемлекеттері үшін бұл фестивальдің маңызы зор. Ол халықтар арасындағы мәдени жақындастықты нығайтады. Театр – біздің айнамыз. Бұл шара Ақтаудағы театр әлемін кеңейтіп қана қоймай, әртістердің тәжірибе алмасуына, бір-біріне жақындай түсуіне мүмкіндік береді. Қызығушылықтың жоғары екеніне көз жеткіздік, – деді Әзербайжан мәдениет министрлігі атынан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілі Эльчин Гафарлы.
Фестивальдің алғашқы күні Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының «Көрұғлы» қойылымымен басталды. Барлық спектакльдерге көрермендер тегін қатыса алады.







