Жаңаөзендік мұғалім: «Жаңашыл ұстаз оқушыларға жасанды интеллекті мен инновациялық әдістерді ұштастыра отырып білім береді»
 
                                                    Камила Тұрсынбаева – заманауи білім беру үрдісінде жасанды интеллектіні тиімді қолданып жүрген, жаңашыл көзқарастағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол 2016–2020 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып, 2021 жылдан бастап педагогикалық қызметін бастады. Бүгінде төрт жылдық еңбек өтілі бар білікті маман Жаңаөзен қаласында «Білім әлемі» мектеп-лицейінде жоғары сынып оқушыларына сабақ береді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Камила өзінің сабағында дәстүрлі әдістермен қатар, жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен қолданады. Заманауи платформалар мен цифрлық құралдарды пайдалана отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі интерактивті ойындар мен тапсырмалар ұйымдастырады. Әр тапсырма оқушылардың жас ерекшелігі мен деңгейіне сай таңдалып, олардың сабаққа белсенді қатысуына жол ашады.
Жас педагогтың басты ерекшелігі – көркем шығармаларды заманауи форматта ұсынуы. Мәселен, ол Абайдың бірінші қара сөзін комикс түрінде бейімдеп, оқушыларға көркем мәтінді сурет арқылы жеңіл әрі әсерлі қабылдауға мүмкіндік жасаған. Қазір ол осы әдісті дамытып, комикс мазмұнын анимация және мультфильм элементтерімен байытып, әдеби шығарманы жаңа көзқараспен таныту бағытында жұмыс істеп келеді.
- Жасанды интеллектіні меңгерген мұғалім – заманауи мұғалім. Мұғалімдер жасанды интеллектіні еркін меңгерсе, олар білімді жаңаша жеткізеді. Әрі балалардың сабаққа қатысу ынтасы да өседі, - дейді мұғалім.
Камила Тұрсынбаева білім беру саласында үздік жетістіктерімен де көзге түсіп жүр. 2022–2023 оқу жылында ол «Жаңашыл ұстаз» байқауында қалалық және облыстық деңгейлерде 1 және 2-орындарды иеленді. Сондай-ақ, оның шәкірттері де пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Заманауи педагогтың жарқын үлгісі боп жүрген маман жасанды интеллекті мен инновациялық әдістерді ұштастыра отырып, білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа белесін қалыптастыра беремін дейді.
 
                         

 
                