Ақтауда игерілмеген жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылады
 
                                                    Ақтау қаласында нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай тұрған бірқатар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі қала аумағындағы жер телімдерінің пайдаланылуын бақылау және анықтау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде қала аумағында бірқатар жер учаскесінің ұзақ уақыт бойы игерілмей тұрғаны анықталды. Атап айтқанда:
• 17-шағынауданда – көлемі 900 м² жер телімі;
• 27-шағынауданда – көлемі 240 м² жер телімі;
• 28-шағынауданда – көлемі 935 м² және 600 м² болатын екі жер учаскесі.
Жер иелеріне «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне» сәйкес ескерту хаттары жолданып, белгіленген мерзім ішінде жерді игеру жөніндегі міндеттемелерін орындау туралы талап қойылды.
Белгіленген мерзім ішінде жер пайдаланушылар тарапынан тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару рәсімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
 
                         

 
                