Маңғыстау зауытында жасалған алғашқы арнайы техника Түркіменстанға жөнелтілді
Ақтаудағы «Каспий машина жасау компаниясы» өндірген алғашқы арнайы техника партиясы Түркіменстанға жөнелтілді. Шетелдік тапсырыс берушіге сегіз цементтеу агрегаты жеткізілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл – зауыт тарихында Қазақстаннан тыс нарыққа алғаш шығуы. Компанияға тапсырыс берушілер арасында ірі ұлттық компаниялар мен мұнай-газ секторындағы жетекші ұйымдар бар.
«Каспий машина жасау компаниясы» зауыты екі жыл бұрын құрылып, осы уақыт ішінде зауытта 300-ден астам арнайы техника өндірілген. Оның ішінде цементтеу қондырғылары, азоттық және компрессорлық станциялар, жылжымалы бу қондырғылары, жанармай цистерналары, сепараторлар және мұнайды қыздыруға арналған жабдықтар бар.
«Экспортқа шығу – біздің еңбегіміздің және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың заңды нәтижесі. Біз Маңғыстау облысы әкімдігі мен Индустрия және көлік министрлігінің нақты көмегін сезініп келеміз», – дейді зауыт өкілдері.
Сонымен қатар «KazakhExport» және «QazTrade» арқылы экспорттық тәуекелдерді сақтандыру, өнімді ілгерілету және жаңа серіктестер табу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының өңдеуші сектор экспортына басымдық беру саясаты зауытқа өнім көлемін арттырып, жеткізу аясын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөздер жүріп жатыр.
«Бүгінгі Түркіменстанға жөнелтілім көрсетіп отырғандай, жас қазақстандық зауыттар тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелге де шығуға дайын», – деді зауыт басшылығы.