Ақтауда халықаралық бочча турнирі өз мәресіне жетті
Ақтауда түркітілдес елдер арасында бочча спорт түрінен халықаралық турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Турнирге Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 30 спортшы қатысты.
Шараның салтанатты жабылуында BC1 санаты бойынша әйелдер арасындағы үздік спортшылар, сондай-ақ BC2, ВС3, ВС4 санаттары бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жеке сайыстардың және BC3 және ВС4 санаттары бойынша жұптық жарыстардың жүлдегерлері анықталып, арнайы сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар шарада 2025 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы VIII Спартакиадада топ жарып, алтын медаль жеңіп, Қазақстан ұлттық құрама командасына енген Маңғыстаулық параспортшы Қосыбай Дауренге жаттығулар мен халықаралық додаларға арналған арнайы спорттық арба табысталады.
Халықаралық бочча турнирі маңғыстаулық ойыншылар үшін ең маңызды шаралардың бірі. Осындай үлкен доданың өңірде ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Бүгінгі жеңіс – тек спортшылардың ғана емес, көрермендердің де рухын көтеретін оқиға. Қатысушылардың батылдығы, өз-өзіне деген сенімділігі мен төзімділігі көпшілікке үлгі болары анық. Жеңімпаздарға одан әрі шыңдарды бағындырып, алға қарай ұмтыла берулеріне тілектеспін, - деді Қазақстан бочча федерациясының бірінші вице-президенті Айнұр Нұрқожаева.