Сеулде Маңғыстау қолөнершілері өнер көрмесін ұйымдастырды
 
                                                    “Қазақстан: Ұлы дала сарыны” мерекелік концерті аясында маңғыстаулықтар Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында көрме ұйымдастырып, өнер көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қолөнершілердің қатарында, тері бұйымдарының шебері Марат Амантаев, зергер Айша Қуандықова, Өмір Төремұрат, Дамир Төребай, киіз өнімдерінің шебері Нұрғаным Сабырбаева, құрақ көрпе қолөнерінің шебері Шолпан Мергенова, қазақ үлгідегі киім шебері Тарбия Айдымбаева, жадағай брендінің негізін қалаушы Айжан Сембігалиева және сүйек өнерінің шебері Алдаберген Тіленбаев бар.
“Бұл іс-шара креативті индустрияны дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты - креативті индустрияны дамыту, жергілікті брендтердің халықаралық аренаға танымалдылығын арттыру”,- деді Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері.
Бұл кеште Абыл Тарақұлы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің концерті де өтті. Концертте Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов құттықтау сөз сөйлеп, мәдени іс-шараның елдер арасындағы рухани көпір ретіндегі рөліне тоқталды. Бағдарлама барысында қазақтың және әлемдік классиктердің туындылары орындалды.
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                         

 
                