Өңір жастарының өзекті мәселесі жастар кеңесінің басты назарында
Ақтауда Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері бірауыздан кеңес төрағасының орынбасары ретінде Абылай Фазылбек мақұлдады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кеңес жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мұқаш Оралбай және кеңес мүшелері қатысты.
Бүгінде жастарды тәрбиелеу – тек ұстаздар мен мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір отбасы, әрбір мекеме, әрбір азамат жас ұрпақтың бойына елжандылық пен еңбекқорлық қасиеттерді сіңіруге атсалысуы қажет. Жастардың белсенділігі – ел дамуының қозғаушы күші. Сондықтан біз олардың жаңа идеяларын қолдауға, бастамаларына мүмкіндік беруге әрқашан дайынбыз. Бүгінгі кеңесте айтылған ұсыныстар ескеріліп, жастардың әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданады, – деді облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
Мұқаш Оралбай атқарылған жұмыстарды баяндап, өңірдегі жастардың ахуалы туралы айтты. Кеңес барысында бірнеше маңызды ұсыныс айтылды. Оның ішінде жастар кеңесінің мүшесі жастар арасында кең тараған азот оксиді толтырылған шарларды тұтыну проблемасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл зат Қазақстанда есірткіге жатпайтындықтан заң жүзінде тыйым салынбаған, алайда оны көңіл көтеру мақсатында шамадан тыс қолдану жастардың денсаулығына үлкен қауіп төндіріп жатыр.
Ақтауда мұндай шарларды табу оңай, бағасы 600 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін жетеді. Соның салдарынан улану, комаға түсу, жүйке жүйесінің зақымдануы секілді ауыр жағдайлар тіркеліп жатыр. Азот оксидін тек медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат беру және көңіл көтеру орындарында оны сатуға заңмен тыйым салу қажет, - деді кеңес мүшесі.
Сондай-ақ ол өңір спортшыларының жағдайына қатысты өзекті мәселені де көтерді. Былтыр облыстық спорт басқармасының дерегі бойынша Маңғыстау спорттық көрсеткіштер бойынша ел өңірлерінің ішінде соңғы орындардың бірінде тұр. Кеңес мүшесінің айтуынша, халықаралық және ұлттық жарыстарда нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар уақтылы қаржылай төлем ала алмай отыр.
Ережеге сай, жоғары нәтижелі спортшыларға ай сайын төлем жергілікті атқарушы орган арқылы берілуі тиіс. Бірақ қазір бұл төлемдер кейде үш ай, тіпті одан да ұзақ уақыт кешігіп түседі, кей жағдайда толық көлемде төленбейді. Бұл жас спортшылардың ынтасын төмендетеді. Өйткені олардың табыс көзі тек спорт. Сондықтан спортшыларға арналған төлемдерді уақытында және толық көлемде беруді, сондай-ақ киім-кешек, дәрумен, медициналық көмек мәселесін толық шешуді ұсынамын, - деді ол.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Абзал Марат та Мұнайлы ауданындағы жастар орталығының іс-шараларына бөлінетін қаржыны көбейту және ауданнан колледж салу қажет екенін айтты.
Мұнайлы ауданында тұратын студенттердің Ақтауға қатынауы көп уақыт алады. Әсіресе, қыс мезгілінде бұл жастар үшін айтарлықтай қиындық туғызады. Сол себепті ауданның өзінде білім беру мекемесін салу өте өзекті, - деді депутат.
Кеңес соңында қатысушылар жастар саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шешім қабылдап, ұсыныстарды облыстық әкімдік деңгейінде қарауға келісілді.