Маңғыстауда жолшылар мерекесі аталып өтті
Қазан айының соңғы сенбісі елімізде еңбегі ерен, маңдай терімен мемлекет дамуына үлес қосқан азаматтардың мерекесі – Жолшылар күні ретінде аталып өтеді. Бұл күні күн-түн деместен, қыстың аязына, жаздың аптабына қарамастан ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жол саласының еңбеккерлері құрметке бөленеді, деп жазады otpannews.kz.
Тіршіліктің күре тамыры саналатын жолдың әр шақырымында оны төсеген жандардың еңбегі, маңдай тері мен тағдыры өріліп жатады. Сол себепті жолшылардың еңбегі өмірдің өзегімен біте қайнасқан адалдық пен жауапкершіліктің айғағы десек, артық айтқандық емес.
Осы игі дәстүр Маңғыстау өлкесінде биыл да салтанатпен жалғасын тапты. 25 қазан күні Мұнайлы ауданына қарасты Баянды ауылында орналасқан «КаспийТрансКом» ЖШС-нің өндірістік аумағында «Ақ жол құрылыс» компаниялар тобы Республика күні мен Автожол саласы қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Бұл жиынның мәні сол: бұл күнгі ізгі шараның бәрі ел тәуелсіздігі мен еңбекті ұлықтауға, адам мен адалдықты дәріптеуге бағытталды.
Мерекенің шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Ел байрағын желбіреткен еңбек ұжымдары сап түзеп, мерекелік шеруге шыққанда, олардың жүзінен мақтаныштың, бірліктің, кәсіби рухтың шуағы анық сезілді. «Ақ жол құрылыс» компаниялар тобына қарасты «СМК-Атамекен», «КаспийТрансКом», «Каспий тас жол», «Қазына Маңғыстау» және өзге де серіктес ұйымдардың өкілдері ұжымдық ұйымшылдық пен тәртіптің үлгісін көрсетті. Бұл көрініс тек бір компанияның қуанышы ғана емес, тұтас ел еңбегінің символындай әсер қалдырды.
Салтанатты жиынға қатысқан компания басшылары мен құрметті қонақтар барша жолшыларды қос мерекемен құттықтап, олардың ел экономикасын дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді. Еңбегі ел игілігімен ұштасқан жандарға ақ тілек пен жылы сөздер айтылды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев өз сөзінде облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлының игі сәлемін жеткізіп, жол саласының ардагерлері мен жас мамандарына облыс әкімінің Құрмет грамоталарын табыс етті.
Бүгінгі салтанат – ел еңсесін көтеріп, тіршіліктің тынысын қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарының мерекесі. Жол салу – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры. Бұл – жауапты да сауапты іс. Әр шақырым жолда қаншама маңдай тер мен қажыр-қайрат жатыр. Сіздердің еңбектеріңіз елдің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатына қызмет етеді. Сондықтан бүгінгі мерейлі күні баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін, – деді Тілеген Әбішев өзінің жүрекжарды сөзінде.
Мерекеге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейнеубек Әбілов және өңірдің қоғам қайраткерлері де арнайы қатысып, еңбек адамын ұлықтаған шараның рухын арттырды. Құттықтау сөздер айтылып, марапаттар табысталған сәтте көпшіліктің жүзінде қуаныштың нұры ойнады.
Мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылған түрлі сайыстар мен көңілді жарыстар ұжымдық рухты асқақтатып, мерекеге көрік қосты. Мекемелер арасындағы театрландырылған қойылымдар байқауы жолшылардың шығармашылық қабілетін ашып, әрбір ұжымның өзінше даралығын көрсетті. Қызу тартысқа толы арқан тарту мен жүк көлігінің дөңгелегін ауыстыру бойынша шеберлік жарыстары да көрермен көңілінен шықты. Бұл ойындар тек көңіл көтеру ғана емес, кәсіби шеберлік пен ептіліктің сынға түскен сәті болды.
Жарыс жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттары табыс етілді. Ал сахна төрінде аймақтың танымал өнерпаздары Темірбек Асқамбаев, Аида Байгелова, Марат Сафаров, Серіжан Масжан, Асылбек Құрмановтар ән мен күйден шашу шашып, көрермендерге меркелік көңіл-күй сыйлады. Концерт барысында өнер мен еңбек, рух пен намыс тоғысып, бір-бірін толықтырған тамаша үйлесім орнады.
Өнер додасынан кейін барша қатысушылар дәстүрлі дастархан басына жиналып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдірді. Шындығында, айтулы шара тек кәсіби мереке ғана емес, ұжымдық бірліктің, өзара сыйластық пен құрметтің көрінісіне айналған рухани басқосу болды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқан барша қызметкерлер мен ұйымдастырушыларға ерекше алғыс білдірілді. Көпшіліктің атынан «Ақ жол құрылыс» компаниялар тобының бас директоры Асылбек Тұрарұлы бастаған басшылыққа шынайы ризашылық айтылды. Өйткені, мұндай мерекелік сәттер ұжымдық рухты нығайтып, еңбектің қадірін арттыра түсері анық.
Маңғыстау облысы – еліміздің ірі өндірістік орталықтарының бірі. Мұнда жол саласы тек инфрақұрылымның дамуы емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің басты тетігі саналады. Әр шақырым жолдың артында жүздеген адамның еңбегі, мыңдаған сағаттық қажыр мен төзім тұр. Жолшылардың еңбегі – елдің ертеңіне апарар даңғыл!
Жол салу дегеніміз жай ғана тас төсеп, асфальт құю емес. Ол – өмірдің өзегін жалғау, адам мен ауылды, қала мен даланы, бүгін мен ертеңді байланыстыру. Осы асқақ миссияны арқалаған Маңғыстау жолшыларының еңбегі – ел мен жердің өркендеуі жолындағы шынайы ерлікке пара-пар іс.
Маңғыстауда өткен бұл мереке соның айқын дәлелі болды. Ол бір күндік шаттық емес, жыл бойғы еңбектің жемісі мен ұжымдық бірліктің мерекесіне айналды. Еңбек адамын ардақтаған бұл шара ел ішіндегі бірлік пен еңбектің қадірін дәріптеді.
«Жол бар жерде өмір бар» деген сөз бекерден айтылмаса керек. Сол өмірдің күре тамырын жалғап жүрген жолшылар – елдің тынысы, халықтың сенімі, өркениеттің иесі. Маңғыстау жолшыларының маңдай терімен төселген әр шақырым жол – болашаққа апарар берік бастау, ел игілігіне бұйырған несібе. Халыққа қызмет етіп жүрген жолшылардың еңбегі жана берсін!