Маңғыстаулық жасөспірім Азия ойындарында жағажай волейболынан чемпион атанды
Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасының сапында маңғыстаулық спортшы жағажай волейболынан алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл сында Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш өнер көрсетіп, құрлық ойындарында өздерінің шеберліктерін көрсеткен болатын. Команда мүшесі Оразалы Сағыныш Ақтау қаласында тұрады. Классикалық волейболмен айналысатын жасөспірім жаз маусымында жағажай волейболымен әуестеніп, өткен жылы республикалық Олимпиадалық даярлау орталығының резервіне өткен.
Ақжолтай хабарды естіген соң бірден «Каспий» волейбол клубына хабарласқан едік. Клуб өкілдерінің сөзінше, Оразалы Сағыныш 2009 жылы 12 қыркүйекте дүниеге келген.
«Ол негізінінен классикалық волейболда өнер көрсетеді. Жағажай волейболымен қосымша шұғылданады. 2023 жылы ел чемпионатына қатысып, классикалық волейболдан спорт шеберлігіне үміткер атанған. Оны классикалық волейболдан Арман Құдабаев баптайды. Ал жаз маусымында спорттық бабын сақтау үшін жағажай волейболымен хобби ретінде шұғылдандан жас өренді Павел Александров жаттықтырып, аталған спорттың қыр-сырын терең үйретіп жүр», - деді клуб өкілдері.
Айта кететін жайт, Бахрейнде жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия ойындарында жағажай волейболынан финалда отандастарымыз Таиланд командасынан басым түсті. Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш шешуші кездесуде 2:0 (21:15, 23:21) есебімен жеңіске жеткен еді.
Ұлттық құрама сапында ақтаулық жас волейболшы Малайзия командасына қарсы кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Моңғолия командасын 2:0, Қытаймен ойында 2:1, Иран командасын 2:1, Сауд Арабиясымен кездесіп, 2:0 есебімен басым түссе, ал ширек финалда Қатарға қарсы ойында 2:1 есебімен қапы қалдырды. Сондай-ақ, жартылай финалда Индонезия құрамасына қарсы ойнап, финалға шыққан болатын.