Өмірді сақтандыру мәдениетке айналып келеді
2025 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша «Халық-Life» компаниясы еліміздегі ең ірі өмірді сақтандыру компаниясы және қаржылық көрсеткіштер бойынша көшбасшылардың үштігіне кірді. Бұл туралы «Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниясы ресми сайтында хабарлады, деп жазады otpannews.kz.
Компанияның мәліметіне сүйенсек, биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша
• 1-орын активтер көлемі бойынша (630,9 млрд тг, нарық үлесі – 33,1%)
• 1-орын сақтандыру резервтері көлемі бойынша (483,8 млрд тг, нарық үлесі – 33,1%)
• 1-орын меншікті капитал көлемі бойынша (140,1 млрд тг, нарық үлесі – 41,6%)
• 1-орын таза пайда көлемі бойынша (18,8 млрд тг, нарық үлесі – 41,9%)
• 3-орын жиналған сақтандыру сыйлықақы көлемі бойынша (103,9 млрд тг, нарық үлесі – 21,7%)
• 1-орын сақтандыру төлемдері көлемі бойынша (19,4 млрд тг, нарық үлесі – 29,9%) нәтиже көрсетті.
- Биыл жыл басынан бері өмірді сақтандыру нарығы жағымды динамика көрсетіп келеді және 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша біздің компания нарықтағы жетекші орнын нығайтты. Осы жылдың наурыз айында халықаралық S&P Global Ratings агенттігі «Халык-Life» компаниясының қаржылық тұрақтылық рейтингін BBB-деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады. Бұл – компания стратегиясының тиімділігін және қызметінің тұрақтылығын айқын көрсететін маңызды фактор. Бұл жағдай клиенттердің сенімін арттырып, сақтандыру полистері мен жарналарының сенімділігін дәлелдейді, - деп жазды «Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниясы.
Сақтандыру саласының эксперті әрі «Халық-Life» АҚ Ақтау қаласындағы филиалының директоры Алуа Кішкенебаева Teens and People журналына берген сұхбатында «өмірді сақтандыру – жай ғана қауіпсіздік емес, бұл – тыныштық пен сенімділікке салынған инвестиция» дейді. Оның пікірінше, жинақтаушы функциясы бар өмірді сақтандыру - қаржылық құрал. Бұл тек қорғаныс емес, сонымен қатар жинақтау мүмкіндігін береді.
Бұл пікірді сақтандыру саласының эксперттері де қолдайды. «Халық-Life» компаниясының мамандары Несібелі Чендагулова мен Тимур Қанатбаев өмірді сақтандыру ауадай қажет құралдың бірі деген пікірде. Олар өмірді сақтандыру әр адамға керек әрі бұл қаржы жастықшасын қалыптастыруға көмектесетінін айтады.
- Адам өмірін туғаннан бастап 70 жасқа дейін сақтандыруға болады. Елімізде өмірді сақтандырудың түрлі мақсаттарға бағытталған бағдарламалары бар. Мысалы, ата-аналар баласының жоғары білім алуын қамтамасыз ету үшін «Білім-Life» бағдарламасын таңдаса, зейнет жасындағы азаматтар үшін аннуитеттік сақтандыру қаржылық тәуелсіздіктің кепіліне айналады. Алдымен өзіңіздің мақсатыңызды анықтап алған соң өзіңізге қажетті бағытты таңдап, сақтандыру полисін алсаңыз болады, - дейді Несібелі Чендагулова.
Батыс елдерінде өмірді сақтандыру әр отбасының бюжеттік әдетіне айналғанын атап өткен спикерлер бұл үрдіс елімізде де кеңінен тарап келе жатқанын атап өтті. Несібелі Чендагулованың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 2 млн-ға жуық адам сақтандыру полисін алған.
- Бұрын өмірді сақтандыруды көп адам түсіне бермейтін. Қазір сақтандыру мәдениетке айналып келеді. Қазақстанда да бұл үрдіс дамып жатыр, - дейді ол.
Сақтандырудың маңызын атап өткен Тимур Қанатбаев компаниядағы «Білім-Life» бағдарламасының мүмкіндігін айтып өтті.
- «Білім-Life» бағдарламасы арқылы ата-аналар 3 жастан 20 жасқа дейінгі балаларына қаражат жинай алады. Бұл қаражатты баланың білім алуына жұмсауға болады. Жинақтаудың бүкіл мерзіміне 8% - ға дейінгі мөлшердегі кепілдендірілген кіріс қарастырылған. Бағдарлама мемлекеттік тарапынан қолдау тауып отыр. Жинақтау сомасына жыл сайын 5-7% көлеміндегі мемлекеттік сыйлықақы беріледі. Бала тегін оқу грантын алған жағдайда жинақталған соманы толық алу мүмкіндігі бар, - деп атап өтті.
Иә, мамандар өмірді сақтандыру – қорқыныш емес, сенімнің белгісі екенін айтып отыр, сондай-ақ «Халық-Life»-тың бағдарламалары қаржылық тұрақтылық, қауіпсіздік және ертеңге деген сенім береді дейді.
Нұргүл Алясова.