Маңғыстауда әйелдердің жеке және кәсіби дамуына бағытталған «Umay» жобасына өтінім қабылдау басталды
Маңғыстауда әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталған «Umay: өзгеріс тәжірибесі» жобасына тіркеу басталды. Өтінім 30 қазаннан 10 қарашаға дейін қабылданып, нәтижесі 13 қарашада жарияланады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Інжу Тұрарованың айтуынша, жоба - қоғамдағы әйелдердің жеке және кәсіби дамуына, қоғам өміріне белсенді араласуына, өз бастамаларын іске асыруына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бастама.
Жоба шеңберінде 100 әйелге арналған 5 күндік кешенді оқыту бағдарламасы өткізілмек. Бағдарлама мазмұны заманауи және өзекті тақырыптарды қамтиды: мемлекеттік тапсырысты игеру, бухгалтерлік негіздер, жасанды интеллект мүмкіндіктері, мобильді журналистика мен сторителлинг, коммуникация және жеке бренд қалыптастыру, сондай-ақ «тігін ісі» бойынша практикалық сабақтар. Әр бағыт тәжірибелі республикалық және өңірлік сарапшылардың қатысуымен жүргізіледі. Сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылып, нақты мысалдар мен практикалық тапсырмаларға сүйене отырып өтеді, - деді Інжу Тұрарова.
«Gumol» стратегиялық зерттеулер орталығының маманы Жібек Үмбеталиева жобаға тіркелу, қатысу тәртібін атап өтті.
Жоба 18 жастан асқан әйелдерге арналған, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі. Барлығы 100 қатысушы оқудан өтеді. Қатысу толығымен тегін. Бағдарламаға тіркеу онлайн форматта өтеді. Өтінімде үміткер өз деректерін, қатысу себебін және барлық 5 күн бойы қатысуға дайындығын көрсетуі қажет, - деді Жібек Үмбеталиева.
Оқу бағдарламасын аяқтаған қатысушылар өз бастамаларын мемлекеттік және қоғамдық деңгейде ұсына алатын белсенді көшбасшылар қауымдастығына айналады, әлеуметтік жобаларды әзірлеу және іске асыру дағдыларын меңгереді.
Бағдарлама жайлы толық ақпаратты @umai.biz инста парақшасынан біле аласыздар.