Ескі қорымдарға мәйіт жерлеу мен туризм мамандарын даярлау: Маңғыстауда Сенат депутаттары қатысқан жиында не айтылды?
Ақтауда ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті депутаттарының «Тарихи туризмді дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында жиын өтті. Депутаттар өңірдің туризм әлеуетін арттыру мәселесімен қатар, ескі қорымдарға заңсыз жерлеу және жоғары оқу орындарындағы туризм мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың жеткізіліксіз екеніне назар аударды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиын басында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев өңірдегі туризмді дамыту бағыты бойынша атқарылып жатқан істер жөнінде баяндама жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Маңғыстау» туристік аймағын дамыту жөніндегі 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Кешенді жоспар 9 бағыт бойынша 102 іс-шараны қамтиды. Кешенді жоспар аясында тұрақты туризмді дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, инженерлік-көлік инфрақұрылымын жетілдіру, логистика, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау, туризмді брендтеу және Кендірлі курорттық аймағын дамыту бағыттары бойынша іс-шаралар қарастырылған, - деді Аббат Өрісбаев.
Аббат Жәңгірханұлы Бекет ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан үпі жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша тиісті шаралар жүріп жатқанын сөз етті.
Одан бөлек, жиын барысында ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев Маңғыстау облысының туристік әлеуеті туралы айтты.
Туризм - ұлттық экономиканы әртараптандырудың және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды драйверлерінің бірі. Инфрақұрылымды жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сервистің сапасын арттыру арқылы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі тартымды туристік бағытқа айналдыруға мүмкіндік бар. Осы бағытта Маңғыстау облысында кешенді туризмді дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Аталған өңірде тарихи және жағажай туризм түрлері негізгі даму бағыты ретінде айқындалған, - деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жиынға қатысқан азаматтардың ұсыныстарын тыңдады. Ш. Есенов атындағы университеттің Бизнес және туризм факультетінің деканы оқу орнындағы туризм бағытындағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттың саны аз екенін айтты.
Мысалы, 2025–2026 оқу жылына Қазақстан бойынша «Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша 430, ал «Мейрамхана ісі және қонақүй шаруашылығы» бағдарламасы бойынша 330 мемлекеттік грант бөлінеді. Алайда әр бағдарлама бойынша біздің университетке бар болғаны екі гранттан беріледі. Бұл көрсеткіш жыл сайын өзгермей келеді. Мемлекеттік гранттар саны артып жатқанымен, Есенов университетіне бөлінетін грант көлемі бұрынғыдай екеуден аспайды. Маңғыстау облысының туристік әлеуеті қарқынды дамып, өңірге келетін туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі таңда облыс шетелдік туристерді қабылдау бойынша республикада үшінші орында тұр. Туризм саласындағы негізгі мәселелердің бірі – кадр тапшылығы екені белгілі. Сондықтан білікті мамандар даярлау үшін гранттар санын көбейтіп, талапкерлердің осы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру қажет деп санаймын. Осы мәселені шешуге Сенат депутаттарының қолдау көрсетуін сұраймын, – деді Бизнес және туризм факультетінің деканы Эльвира Жанғожаева.
Одан бөлек, Маңғыстау мемлекеттік мәдени-қорығының директоры Нұрлан Құлбай орта ғасырдан қалған тарихи қорымдар аумағына адам жерлеу тыйылмай тұрғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің қоршауы болса да мәйіт жерлеп, құрылыс салатындар заңды пысқырмайды. Нұрлан Құлбайдың айтуынша, туристер Маңғыстаудың орта ғасырлық ескерткіштеріне аса қызығушылық танытады. Сол себепті, мұндай жәдігерлердің келбетін бұзбай сақтап қалу керек екенін айтты.
Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік қорғаудағы мәдени қорымдарға мәйіт жерлеуге, құрылыс салуға рұқсат жоқ. Десе де «ата-бабам осында жерленген» деп, қорым қараушыларының сөзін елемей, туыстарын жерлеп жатқандар азаймай тұр. Біз заңды елемей, құрылыс салатындарды ұстап, құзырлы органға тапсырамыз. Алайда сот та оларға 40 мың теңге айыппұлдан басқа шара қолдана алмайды. Сол себепті «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңына өзгеріс жасау қажет. Айыппұл көлемін көбейту керек деп санаймын, - деді Нұрлан Құлбай.
Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында 600-ге жуық тарихи және мәдени ескерткiш мемлекеттiк қорғауға алынған. Мамандардың сөзінше оның жиырмасында республикалық мәртебе болса, 13 мыңнан астам ескерткіштің дара төлқұжаты бар.
Жиынға төрағалық еткен Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп айтылған мәселелердің орынды екенін айтып, оларды шешуге атсалысатынын жеткізді.
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Сенат депутаттары іссапар барысында туристердің қызығушылығы артқан Шопан ата, Бекет ата, Қараман ата жерасты мешіттеріне зиярат жасап, Ыбықты сай мен Бозжыра шатқалына бармақ.