Бес жаңа нысан мен 52 реаномобиль: Маңғыстау медицинасы қалай жаңарып жатыр?
Маңғыстауда биыл бес жаңа медициналық нысан ашылып, денсаулық сақтау жүйесі цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңғыртылып жатыр. Алдағы уақытта облыстық жедел жәрдем қызметі 52 жаңа реаномобильмен толықтырылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте айтты.
Жалпы биыл өңірде бес медициналық нысан пайдалануға берілген. Маусымда Мұнайлы ауданында 150 орындық аурухана, тамызда Маңғыстау облыстық онкологиялық орталығында тамызда ПЭТ орталығы ашылды. Ал Бейнеу ауданында «Қамқорлық оңалту орталығы» жұмысын бастады.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2 міндетті іске асыру жоспарланған еді. Атап айтқанда, алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету (МСАК) объектілерін салу, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту қажет болатын. Бүгінде 3 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Маңғыстау ауданы Қосбұлақ ауылында дәрігерлік амбулатория, Бейнеу ауданы Тәжен ауылында медициналық пункт және Қарақия ауданы Құрық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Барлық нысандарға медициналық қызметке лицензиялары алынды. Материалдық техникалық қамтамасыз ету деңгейі қазіргі уақытта облыс бойынша 87%-ды құрап отыр. Облыстық жедел жәрдем бекетін жергілікті бюджеттен 32 және NСОС компаниясының демеушілігімен 20 реаномобильмен толықтыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта барлық конкурстық жұмыстар өтті, көліктер қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі деп күтілуде, - деді Бекболат Ізбасаров.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында цифрландыру және жасанды интеллект енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл «Ана мен бала», «Туберкулез» және «Инфрақұрылым» бағытында ахуал талдау орталықтары ашылып, флюорографиялық тексерулер мен науқастардың денсаулық паспорты автоматтандырылған.
Бұл орталық, ана өлім-жітімнің алдын алу бойынша виртуалдық штаб, денсаулық паспорты бойынша сараптаманы, медициналық ұйымдардың қызметіне онлайн-талдау, өңір бойынша флюорографиялық тексеру жоспарын автоматты түрде құрастыру, жұмыс кестелерін мониторингілеу сынды мүмкіндіктерді береді. Жасанды интеллект технологияларын қолдану негізінде PACS жүйесі қолдану арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруды Маңғыстау облысы бойынша 17 медициналық ұйымға енгізу жоспарлануда. Бұл жобаның негізгі принципі әрбір науқастың рентген зерттеуден өткен суретін жасанды интелект технологиясы терең зерттеп, күмәнді түзілістерді анықтап, өзінің қорытындысын беретін болады. Мұндай мүмкіндік ауылдық клиникаларында да, қаланың емдеу мекемелерінде де қолжетімді болмақ, - деді Бекболат Ізбасаров.