Маңғыстаулық педагог Жұлдызай Мектепова қарттарға цифрлық технологияны меңгертетін әлеуметтік жоба жасады
 
                                                    Техника ғылымдарының магистрі, педагог-модератор, Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Жұлдызай Мектепова 7 жылдан бері білім саласында еңбек етіп келе ізденімпаз ұстаз. Ол өзінің кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, «Қарттар цифрлық әлемде: қауіпсіз әрі белсенді өмір сүру» атты әлеуметтік жобаны құрастырып шығарды деп хабарлайды otpannews.kz.
Жұлдызай Жоламанқызы қазіргі таңда еріктілер тобымен бірге егде жастағы ата-әжелерге, жалғызбасты қарттар мен қарттар үйіндегі тағдырдың түрлі сынағына тап болған жандарға көмек қолын созып, олардың цифрлық әлемге сеніммен қадам басуына жол ашып келеді. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекте тұрған қарияларға кеңес беріп, электронды қызметтерді пайдалану жолдарын түсіндіріп, өз білгенімен бөлісіп жүр. Автор бұл идея күнделікті өмірде үлкендердің технологияны қолданудағы қиындықтарын көре отырып, сол мәселені шешуге деген шынайы ниеттен туындағанын айтады.
- Егде жастағы азаматтардың телефонды, қазіргі цифрлық технологиялық құралдарды пайдалана алмайтынын жиі көремін. Ал біздің қоғамда барлық қажеттілік цифрлық құралдардың көмегімен іске асып жатыр. Сондықтан үлкен адамдардың цифрлық сауаттылығын арттыруды мақсат етіп, олардың заманауи технологияларды еркін әрі қауіпсіз пайдалануына жағдай жасағымыз келді, - дейді автор.
Жұлдызай Мектепова өз еңбегіне авторлық құқық рәсімдеп, оны заңды түрде қорғауға алды. Әріптестері оның бұл жобасын «білім мен адамгершіліктің тоғысқан жарқын үлгісі» деп бағалайды.
Жоба арқылы қоғамның әрбір мүшесінің, соның ішінде аға буын өкілдерінің де заманауи өмірге бейімделуіне және белсенді өмір сүруіне жағдай жасауды ойлаған Жұлдызай бұл істе студенттердің де көмекке келетінін атап өтті. Өзінің ісінен үлгі алатын шәкірттері барын айтқан автор бұл «жастарға да үлгі болады» деген сенімде.
 
                         

 
                